Алматы облысында түзеу мекемесінің ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрған 10 адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты №14 түзеу мекемесінде (Заречный кенті) әрекет еткен қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды.
Тергеу мәліметінше, 2022-2024 жылдар аралығында жазасын өтеп жүрген бірнеше сотталған тұрақты қылмыстық топ құрып, басқа сотталғандарға психологиялық қысым көрсетіп, күш қолданған.
Олар түрмедегі азаматтардан жүйелі түрде ақша бопсалап отырған. Қаражат банк карталарына, сондай-ақ өз бақылауындағы Kaspi және басқа да мобильді қосымшалардағы шоттарға аударылып отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, талаптарын орындаудан бас тартқандар соққыға жығылып, қорланып, түрлі қысымға ұшыраған.
Көпэпизодты қылмыстық істі Алматы облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді. Сот барысында айыптау тарапы сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынған.
Нәтижесінде сот қылмыстық топтың барлық мүшесін кінәлі деп танып, оларды 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.