homepage
shutterstock

Қазақстанда автонесие алу қиындауы мүмкін

18.06.2026, 10:58

Қазақстанда автонесие алу талаптары қатаюы ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік сатып алуға берілетін несиелерде қайтадан қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) есепке алынады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі  LS-ке сілтеме жасап.

Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше, бұл өзгеріс әсіресе бірнеше несиесі бар немесе табысы жеткілікті деңгейде расталмаған азаматтарға әсер етуі мүмкін. Банктер мұндай клиенттерге несие беруден жиі бас тартып, бастапқы жарна көлемін арттыруы немесе қарыз сомасын қысқартуы ықтимал.

«Жаңа талаптар автонесие беру қарқынын баяулатуы мүмкін. Банктер төлем қабілеті төмен клиенттерге қатаң талап қойып, кей жағдайда несие беруден бас тартуы ықтимал. Дегенмен бұл тәуекелі жоғары қарыздардың азаюына және банк портфельдерінің сапасының жақсаруына әсер етуі мүмкін», – деді экономист Руслан Сұлтанов.

Сарапшының айтуынша, бұл шара автонесие нарығының өсу қарқынын бәсеңдеткенімен, банктер үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, төлем қабілеті төмен клиенттерге берілетін несиелер саны қысқарып, проблемалық қарыздардың алдын алуға жол ашылады.

Сондай-ақ маман автонесиенің тәуекелі тек ай сайынғы төлеммен шектелмейтінін атап өтті. Көлік иелері жанармай, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және салық шығындарын да көтереді. Сондықтан табысы шектеулі азаматтар үшін қосымша несие қаржылық ауыртпалықты арттыруы мүмкін.

«Егер қарыз алушы несие алған кезде төлем қабілетінің шегінде тұрса, табысының аздап төмендеуінің өзі мерзімі өткен берешектің көбеюіне әкелуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде банк тарапынан айыппұл санкцияларының қолданылуына немесе басқа да шектеу шараларына себеп болуы ықтимал», – деп атап өтті сарапшы.

Руслан Сұлтановтың айтуынша, реттеушінің мақсаты – автонесиеге қолжетімділікті толық шектеу емес, азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу. Осыған байланысты болашақта банктер қарыз алушының нақты төлем қабілетіне көбірек назар аудармақ.

Айта кетейік, сәуір айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі автонесие беру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,6 пайызға төмендегенін хабарлаған болатын.