Алматы облысында мемлекеттен бөлінген ауыл шаруашылығы субсидияларын заңсыз иемдену және жалған шот-фактуралар рәсімдеу фактілері бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу мәліметінше, «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында заңсыз субсидия алып келген.
“Ол ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер тапсырған. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз төленген”, – делінген ҚМА хабарламасында.
Алайда тергеу барысында кооперативтердің аталған өнімдерді өндіруге қажетті өндірістік қуаты, арнайы жабдықтары, жұмысшылары мен басқа да ресурстары болмағаны анықталды.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасын әшкереледі. Тергеу дерегіне сәйкес, «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған мәмілелер рәсімделіп, кәсіпорындардың салық жүктемесін жасанды түрде төмендету әрекеттері жасалған.
Соның салдарынан мемлекетке төленбей қалған салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.
Сот қылмыстық схемаға қатысы бар екі адамды кінәлі деп танып, оларды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.