Ертең, жұма күні Женевада Вашингтон мен Тегеран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы мүмкін. Құжаттың негізгі мақсаты – әскери қимылдарды тоқтату, Ормуз бұғазын ашу және ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің жаңа кезеңін бастау. Егер келісім жүзеге асса, Таяу Шығыста үш жарым айдан астам уақытқа созылған шиеленіс бәсеңдеуі ықтимал. Дегенмен, халықаралық сарапшылар бұл саяси ымыраның өміршеңдігіне күмәнмен қарайды.
Сонымен, Женевада өтетін ресми рәсімге АҚШ атынан Вице-президент Джей Ди Вэнс пен арнайы өкілдер Стив Уиткофф және Джаред Кушнер, ал Иран тарапынан СІМ басшысы Аббас Аракчи мен Парламент спикері Мохаммад-Багер Галибаф қатыспақ.
Келісімнің басты шарттарының бірі - теңіз блокадасын тоқтату. CNN арнасының хабарлауынша, АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығына (CENTCOM) 19 маусымдағы рәсімнен кейін Ормуз бұғазы мен Иран порттарындағы блокаданы дереу алып тастау туралы директива түскен. Естеріңізге сала кетейік, әскери қақтығыс басталғаннан кейін алты аптадан соң, яғни 13 сәуірде күшіне енген бұл шектеулер барысында АҚШ әскерилері 142 кеменің бағытын өзгертіп, бағынбаған 9 кемені істен шығарған болатын. Блокада Парсы және Оман шығанақтарындағы барлық ирандық порттарға бағытталған кез келген елдің кемесіне қолданылды.
«Жұма күні келісімге қол қойылғаннан кейін бұғаз миналардан тазартылып, қайта ашылады. Өңір мен бүкіл әлем үшін мұнай екі бағытта да қайта тасымалдана бастайды», – депті Дональд Трамп.
Жаһандық инвесторлар Женевада өтетін ресми рәсім мен 60 күндік келіссөздерге зор үміт артып отыр. Алайда, халықаралық сарапшылар бұл саяси мәлімдемелерге күмәнмен қарайды.
«Келісімнің жақын қалғаны туралы үнемі айтылып келеді, бірақ басты мәселе оның іс жүзінде қалай жүзеге асатындығында. Ормуз бұғазы нақты қашан ашылады? Қазірше белгісіз тұстар өте көп. Нарық қақтығыстың тез арада аяқталуына сенгісі келеді, өйткені соғыстың созылып кетуі жаһандық экономикаға түсетін қысымды еселей түспек. Экономика әзірге қор есебінен шыдап келді, бірақ бұл ресурстың да таусылар шегі бар», – дейді халықаралық валюта стратегі Джозеф Капурсо.
Жағдайды уақытша тұрақтандыру мақсатында ОПЕК ұйымына мүше елдер 400 миллион баррель мұнайды айналымға шығару бастамасын көтерді. Алайда отандық мамандар бұл қадамның жаһандық энергетикалық тоқыраудың орнын толтыра алмайтынын, оның тек уақытша дәрменсіз әрекет екенін кесіп айтады.
«ОПЕК ұйымына мүше елдердің резервте тұрған 400 миллион баррель мұнайды қолдануы түпкілікті мәселені шеше алмайды. Себебі әлем күніне 100 миллион баррельге жуық мұнай тұтынады. Ал резервтен шығарылғалы жатқан қор ары кеткенде бір жарым айдың ғана қажеттілігін өтейді. Бұл дағдарыстың алдын алуға бағытталған уақытша шешім. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің Қара теңіз арқылы балама жол іздеуі сақтандыру мен жеткізу жағынан өте қымбатқа түседі әрі Ормуз бұғазына қарағанда тасымалдау мүмкіндігі әлдеқайда төмен», – деп санайды экономист Бауыржан Ысқақ.
Төмен демекші, осы оқиға қарсаңында әлемдік нарықта мұнай арзандап, наурыз айының басынан бері алғаш рет барреліне 80 доллардан төмен түсті. Күріштің арқасында, күрмек су ішеді дегендей, Таяу шығыстағы текетірестің арқасында қымбаттаған мұнай бағасы Қазақстанның қалтасын біршама қалыңдатқаны рас. Ұлттық қорға түсімдер артып, үкіметтің қаржылық әлеуеті күшейгендей көрінеді. Алайда қазіргі геосаяси жағдайда бұл үлкен экономикалық қақпанға айналып отыр.
«Бұл жағдайдың біздің елге берер плюсы мен минусы қатар жүреді. Әрине, Ұлттық қорға түсім артып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік пайда болады. Бірақ басты кемшілігіміз импортқа тәуелділігімізде жатыр. Біз Қытайдан және басқа да мемлекеттерден келетін тауарларға тәуелді болғандықтан, сырттан келетін қымбат тауармен бірге олардың инфляциясын да қоса сатып аламыз. Нәтижесінде қарапайым азаматтардың тұтынушылық әлеуеті күрт төмендейді. Біз экономикамызды әлі күнге дейін әртараптандыра алмадық. Тек ішкі ресурстарымызды толық пайдаланып, өзіміз өндіріп, өзіміз тұтынатын елге айналғанда ғана сыртқы факторлардан қорықпайтын боламыз. Бұл жағдай біз үшін үлкен дабыл болуы тиіс», – дейді Бауыржан Ысқақ.
Сарапшы атап өткендей, дүкен сөрелеріндегі бағаның өсуі мәселенің бір ұшы ғана. Нағыз жүйелі қауіп мемлекеттік бюджеттің жұмсалу деңгейінде. Мұнай бағасы шарықтап, ел қазынасына ақша ағылып келіп жатқанда, Үкіметте қаражат жеткілікті деген өте қауіпті психологиялық иллюзия пайда болады. Осы сәтті пайдаланған мемлекеттік аппарат түрлі популистік бағдарламаларды іске қосып, орындалуы қиын уәделерді үйіп-төгіп, бюджет шығындарын бақылаусыз өсіруі мүмкін. Макроэкономикада бұл құбылыс «шығыстардың икемсіздігі» деп аталады.
«Мұндай кезде шығыстар еселеніп өсе бастайды. Бюджеттің ана жағын да, мына жағын да кеңейтеді, жаңа бағдарламалар іске қосылады, халыққа түрлі уәделер беріледі. Қазірше ақша бар кезде бәрі дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ негізгі мәселе мынада жатыр. Мұнайдан түсетін табыс уақытша ғана құбылыс, ал оған иек артып басталған шығындар кейін тұрақты сипатқа ие болады. Ең басты тәуекел осы жерде жасырынған. Ертең мұнай бағасы төмендеп кеткенде, жалақыны, түрлі субсидияларды, құрылыстар мен жеңілдіктерді, мемлекеттің мойнына алған міндеттемелерін және бюджеттің шектен тыс тәбетін кейінге шегеріп, қайта азайту мүмкін емес», – дейді экономист Руслан Сұлтанов.
Ал, осы аралықта Халықаралық қаржы институттары, соның ішінде Халықаралық валюта қоры алдағы онжылдықтарға өте үрейлі болжам жасап отыр. Бұл жай ғана экономикалық есеп емес, «мұнай дертіне» шалдыққан мемлекеттерге, әсіресе Қазақстанға бағытталған нақты ескерту. Егер әлем баламалы энергия көздеріне толық көшетін болса, біздің шикізатымыздың құны күрт түсіп, экономикамыз орны толмас шығынға ұшырайды. Осы аса қауіпті тенденцияны Парламент мінберінен Сенат депутаты Ләззат Рысбекова жеткізген.
«Халықаралық валюта қорының зерттеулеріне сүйенсек, 2040 жылдың басына қарай мұнай құны рекордтық деңгейге, яғни барреліне 15 долларға дейін құлдырауы мүмкін. Қордың бағалауы бойынша, экономикасын уақытында диверсификациялап үлгермеген елдер ұзаққа созылатын әрі ауыр дағдарысқа тап болады. Сондай-ақ, мұндай мемлекеттердің экономикасын қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде 20 жыл уақыт қажет болуы ықтимал. Өткен жылы отандық экспорттың жалпы көлемінің жартысынан астамын, 53 пайызын шикі мұнай құрады. Ал одан түсетін табыс бюджет түсімдерінің шамамен тең жартысын қамтамасыз етіп отыр. Егер батыл шаралар қабылданбаса, Халықаралық валюта қоры Қазақстанның шығынын 678 миллиард АҚШ доллары көлемінде бағалайды».
Сенатор келтірген 678 миллиард доллар шығын мен мұнайдың 15 долларға дейін құлауы Қазақстан үшін нақты экономикалық үкіммен тең. Сондықтан, ендігі сұрақ «мұнай қанша тұрады?» емес, «біз мұнайсыз не істейміз?» болуы тиіс еді, дейді сарапшылар.
Айбек Айдарханұлы