homepage
фото: ЖИ

Өсім жоғары, әл-ауқат пәс: Жұманғариннің ҚҚС реформасы ел экономикасына не берді?

18.06.2026, 10:00

Соңғы жылдардағы дау тудырған экономикалық реформаның бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі мен жаңа Салық кодексінің енгізілуі.  Ел Үкіметі мұны бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етудің тетігі деп түсіндіреді. Сондай-ақ, экономиканы көлеңкеден шығарып, бизнесті ашық жұмыс істеуге ынталандыру жолы да осы десті. Ал, кәсіпкерлер мен сарапшылар салық ауыртпалығы экономиканы сауықтыра алмайды деген пікірден таңған емес.

Әрине, «балапанды күзде санайды» демекші, азғантай уақыт ішінде ауқымды реформадан нәтиже күту қисынсыз болар. Сарапшылар да аралық қорытынды жасауға кем деген де бір жыл толуы қажет екенін айтады. Себебі,  проблема ҚҚС мөлшерлемесінде емес. Ең басты мәселе – мемлекет уәде еткен қосымша түсім жинай алды ма?

Үкіметтің қолында бұл реформаның нәтижесін дәлелдейтін аргументтер жеткілікті. Соған сүйене айтсақ, былтыр салық түсімдері 17,5 пайызға өскен. ҚҚС-нан бюджетке қосымша түскен қаражат – 932,5 млрд теңге. Одан бөлек, корпоративтік табыс салығы бойынша түсім тағы 880 млрд теңгеге артты. Камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке өндірілген қаражат көлемі 262 млрд теңгеден 388 млрд теңгеге дейін көбейді. Мемлекеттік кірістер комитеті жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын салықтан жалтару схемаларын анықтағанын мәлімдеді.

Иә, бір қарағанда, Үкіметтің есебі орындалғандай көрінеді. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сүйенетіні де дәл осы көрсеткіштер. Кейінгі уақыттары Серік Мақашұлы Facebook желісінде осындай цифрлар мен түсініксіз терминдерді қолданып, әртараптанған экономика көрсеткішін ауыз толтыра жазып жүргені белгілі. Ашық қоғам, құлақ асатын билігі бар елде бұл қалыпты жағдай.  Бірақ шоң шенеуніктер сендіре жазған желідегі цифрлы жазбалар мен есепке қоғамның көзі де көңілі де сенбейтіндей. Оның үстіне мемлекеттік қазынаның жағдайы да мәз емесі байқала бастады.

Біріншіден, мектептерді қаржыландыру жүйесінің жүгі орталықтан жергілікті билікке жүктелді. Екіншіден, зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пайдалануға шектеу қойылып, оның да жеткілікті шегі жоғарылап кетті.   

Мұндай әрекеттерге қарамастан вице-премьер салық реформасы бизнес белсенділігін тұншықтырмағанын дәлелдеп бағуда. Жұманғариннің айтуынша, керісінше, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салалары экономиканың негізгі драйвері болып отыр. Ал бірқатар кәсіпорынның жабылуы экономикада құлдырау белгісі саналмайды. Жұманғарин осы күнге дейін жабылған 207 мың компанияның жартысына жуығы шын мәнінде бұрыннан жұмыс істемегенін жазды. Тағы бір бөлігі басқа заңды құрылымдарға өткен немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына ауысты. Оның үстіне жабылған компаниялардың орнына  99,5 мың жаңа кәсіпорын ашылғаны туралы дерек және бар. Осылайша, ресми деректер реформа кәсіпкерлік салаға ауыр соққы әкелмегенін растап отыр. Десе де мәселенің екінші жағы бар. Ол 10 маусым күнгі Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төрағасы Әлихан Смаилов келтірген деректерден көрінді. Оның айтуынша, Үкімет бюджет тапшылығын қысқарту жоспарын қабылдағанымен орындалу ықтималдығы төмен. Яғни, жоспар шынайы жағдайға толық сәйкес келмейді.

«Мәселен, 2025 жылы 2,4 трлн теңге қайта бөлінді. Бір жыл ішінде республикалық бюджеттен құны 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алынып тасталды. Аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20 пайыздан астамы іске асырылмады», – деді ол.

Сонымен қатар Смайылов тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есе артқанын атап өтті. Мұның барлығы жоспарлау кемшіліктері мен салық түсімдеріне қатысты шамадан тыс оптимистік болжамдардың салдары екенін айтқан ЖАП басшысы салықтық әкімшілендіру сапасына да назар аударды.

«Салық төлеушілер тарапынан сот арқылы даулау жағдайлары көбейді. Көлеңкелі экономика мен жекелеген тауар нарықтарының ашық еместігіне байланысты тәуекелдер сақталып отыр. Соның салдарынан бюджетке түсетін түсімдердің әлеуеті шектелуде», – деді Ә.Смаилов.

Осылайша, 2025 жылы бюджет 335 млрд теңге кірістен қағылған. 2026 жылға тиесілі 154 млрд теңге мерзімінен бұрын есепке алынған. Қайтарылмаған ҚҚС көлемі шамамен 900 млрд теңгеге жетіп, 99 инвестициялық жоба іске аспай қалған.  Яғни, палата есебінен көрінгендей салық түсімдері өсіп жатқанына қарамастан, мемлекеттік қаржы жүйесіндегі негізгі проблемалар шешілмеген.

Дәл осы жерде осыдан бірз уақыт бұрын басталған, БАҚ және әлеуметтік желі арқылы жалпы жұртқа таралған экономист Айдархан Құсайынов пен вице-премьер Серік Жұманғарин арасындағы пікірталас еске түседі. Байқасаңыз екі тараптың да өз шындығы бар. Серік Мақашұлы әдеттегідей ұзақмерзімді статистикаға сүйенеді. Ол келтірген есепте 2010-2024 жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 78,9 пайызға өссе, халықтың нақты табысы 77,2 пайызға артқан. Демек, экономикалық өсім мен халық әл-ауқатының арасында түбегейлі алшақтық жоқ.

Ал, Айдархан Құсайынов мүлде басқа кезеңге назар аударуды ұсынады. Экономисттің есептеуінше, 2020-2025 жылдары ЖІӨ шамамен 25 пайызға өскенімен, халықтың нақты табысы небәрі 9 пайызға ғана артқан. Яғни соңғы бес жылдағы өсім қарапайым азаматтардың қалтасына дәл сондай қарқынмен жетпеген. Маманнның пікірінше, мойындау керек мәселе де осында.

«Егер экономика өсіп, құрылыс қарқын алып жатса, сауда айналымы ұлғайса, онда бұл өсімнің нәтижесі неге халықтың табысынан көрінбейді?», – деген қарсы сауал тастайды ол.

Айта кетейік, бұл сұраққа бизнес өкілдері де бас қатырып, жауап іздеп жүр. Ресторатор Юрий Негодюктың айтуынша, халық мейрамханаларға келуді тоқтатқан жоқ, бірақ тұтыну құрылымы өзгерген.

«Бұрын қонақтар толыққанды тапсырыс берсе, қазір шығындарын азайтып, бір кесе кофе мен десертпен шектеледі», -дейді ол.

Шығындардың өсуі салдарынан кәсіпкер алты мейрамханасын жабуға мәжбүр болыпты. Кәсіпкерлердің айтуынша, басты проблема салықта ғана емес. Жоғары базалық мөлшерлеме, қымбат несие және айналым қаражатының аздығы шағын және орта бизнеске қысымды күшейтіп отыр.

Соған қарамастан, Қазақстанда бизнесті несиелеу тоқтаған жоқ. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие көлемі 18,3 трлн теңгеге жеткен. Бір жылдағы өсім 20,4 пайызды құрады. Ең қызығы, өсімнің негізгі драйвері ірі бизнес емес, шағын және орта кәсіпкерлік болды. Шағын бизнеске берілген несиелер бір жылда 38 пайызға өсіп, 8,7 трлн теңгеге жетті. Ал, орта кәсіпкерлікке берілген қаржы көлемі 30,7 пайызға артып, 3,1 трлн теңгені құрады. 

Бұл Қазақстан экономикасында екі түрлі үрдістің қатар жүріп жатқанын көрсетеді. Бір жағынан, мемлекет бизнесті ашық жұмыс істеуге итермелеп, бюджет кірістерін ұлғайтып жатыр. Екіншіден, жоғары мөлшерлеме мен шығындардың артуы кәсіпкерлердің мүмкіндігін шектеп, экономикалық өсімнің сапасына қатысты сұрақтарды көбейтуде.

Сондықтан ҚҚС реформасы көлеңкелі экономиканы жеңді деу әлі ерте. Иә, салық түсімдері өсті, бақылау күшейді. Бірақ, бюджет тапшылығы сақталып отыр. Бюджетке қайтарылмаған ҚҚС көлемі де ұлғайды. Ең бастысы – экономикалық өсім халықтың әл-ауқатына дәл сондай қарқынмен айналмай отыр.  

Ұлағат Бекболат