homepage
фото: ЖИ

«Жайбасар» жалақы жыры

18.06.2026, 09:10

Кабмин 2026-2029 жылдарға арналған халық табысын арттырудың жаңа кешенді жоспарын жариялады. Сонымен, үкімет неден үміттендіріп отыр? Қазақстанда жыл сайын 240 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Еңбекақы инфляциядан 2-3 пайызға жоғары өсіп, ең төменгі жалақы мөлшері қайта қаралады. Ауыл тұрғындарына микронесиелер беріледі. Билік тіпті азық-түлік бағасының өсуін тежеп, халықтың қарыз жүктемесін азайтуға да уәде етіп отыр. Бірақ, осы оптимистік мәлімдемелердің астарында пессимистік шындық жатыр... 

Қазір Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 431 мың теңге көлемінде. Алайда, медианалық жалақы небәрі 345 мың теңге деңгейінде қалып отыр. Екі көрсеткіштің арасындағы айырмашылық 39,2 пайызға жеткен. Номиналды жалақы  мен модальды жалақының арасындағы айырмашылық та азаймай тұр. 

Номиналды және модальды деген ұғымдар – орташа айлық жалақыны есептеудің әдістемесі. Оны Ұлттық статистика бюросының мамандары математика амалдарын қолдана отырып жасайды. Әуелі осы екеуіне анықтама бере кетсек. 

Номиналды жалақы дегеніміз – қызметкердің күндік, апталық, айлық еңбегі үшін төленетін қаражат. Дегенмен қаржы мамандары номиналды жалақы халықтың тұтыну көрсеткіші мен тұрмыс деңгейін толық сипаттай алмайтынын айтады.                                                                                                             
Ал модальды жалақы – ең жиі кездесетін жалақы мөлшері, ол көбінесе қызметкерлердің санын қамти отыра есептеледі. 

Ел тұрғындарының орташа жалақы көрсеткішін анықтаудың тағы бір тәсілі бар. Ол – медианалық жалақы көрсеткіші. Медианалық жалақы төлемінің цифрі елдегі жұмыскерлердің 50%-ы азырақ, ал 50%-ы одан көбірек алатынын білдіреді. Мәселен, компаниядағы штат құрамы 5 адам деп алайық. Басшысының айлығы 600 мың теңге, басқа қызметкерлердің жалақысы сәйкесінше: 450 мың, 200 мың, 170 мың, 150 мың теңге. Міне, мамандар мұндағы жалақының медианалық мәні 200 мың теңге деп есептейді, себебі екі қызметкер көбірек (600 және 450 мың теңге), ал екеуі азырақ (170 және 150 мың теңге) алып тұр. Осы себептен, сарапшылар медианалық жалақыны халықтың табысының неғұрлым шынайы көрсеткіші деп санайды.

Жоғарыдағы көрсеткіштерді қарапайым түсінікке салып қарасақ, статистикадағы «орташа қазақстандық» шын мәнінде әлі қалыптасқан жоқ. Халықтың жартысынан көбі 345 мың теңгеден аз жалақы алатынын бағамдау қиын емес. Бұл айырмашылықтың басты себебі – экономикадағы салалық теңсіздік. Мәселен, елімізде ең жоғары жалақы тау-кен өнеркәсібінде төленеді. Бұл саладағы орташа айлық 800-900 мың теңгеге дейін жетеді. Қаржы секторында, өңдеу өнеркәсібінде, көлік және логистика салаларында да табыс деңгейі жоғары. Ал елдегі жалдамалы жұмыскерлердің басым бөлігі мүлде басқа секторларда еңбек етіп жатқаны белгілі. Білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметте жалақы деңгейі айтарлықтай төмен. Оның үстіне дәл осы салаларда миллионнан астам адам жұмыс істейді. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің өзі БАҚ өкілдерімен кездесуде мұны ашық мойындады. Бұл шын мәнінде құрылымдық проблема.

«Білім беру саласында 1,2 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл салалардағы жалақыны бюджеттен басқа көз арқылы көтеру мүмкін емес», – деді ол.  

Билік табыс теңсіздігін азайтудың негізгі құралдарының бірі ретінде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеруді қарастырып отыр. Мақсат – уақыт өте келе ЕТЖ деңгейін медианалық жалақының жартысына дейін жеткізу. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 150 мың теңге болуы мүмкін. Алайда, нақты шешім бюджет мүмкіндігіне тәуелді. Басқаша айтқанда, ең төменгі жалақы еңбек нарығының емес, мемлекеттік қаржының жағдайына қарап өседі. Бұл да Қазақстан экономикасының ерекшелігін көрсетеді. Өйткені табысы төмен салалардың басым бөлігі бюджет есебінен өмір сүріп отыр.

Қорыта келгенде біздегі проблема жалақының өспеуінде емес, мәселе – экономиканың құрылымында. Сарапшылар экономикадағы ең жоғары табыс шағын топтардың қолында шоғырланып отырғанын айтады. Керісінше білім беру, медицина, ғылым және мемлекеттік сектордағы табыстар әлдеқайда баяу өсуде. Аталған салада миллиондаған қазақстандық еңбек етіп жатқанын және бір ескерсек, ресми статистика тұрғындар көңілін тоғайтпай тұруының себебі өз-өзінен көрінетіндей.

Ұлағат Бекболат