homepage
Juzmedia.kz

Павлодар маңында жоғалған жасөспірімнің жеке заттары табылды

17.06.2026, 17:53

Павлодар қаласынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан Ертіс өзенінің жайылмасында 17 жастағы жасөспірім жоғалып кетті. Қазіргі уақытта оны іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жұмылдырылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 16 маусымда сағат 20:45 шамасында 2008 жылы туған жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жеткен полиция мен құтқару қызметінің мамандары дереу іздестіру жұмыстарын бастаған. Іздеу барысында жасөспірімнің жеке заттары, ұялы телефоны және мотоциклі табылған.

Қараңғы түсуіне және көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты су айдынындағы іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес түнгі уақытта сүңгуірлік жұмыстарды жүргізуге рұқсат етілмейді.

17 маусымда таңертең іздеу жұмыстары қайта жалғасты. Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы аумақты ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен бақылауға алды. Сонымен қатар іздеу шараларына үш жүзу құралы мен эхолот тартылған.

Құтқарушылар өзен түбін тексеру үшін сүңгу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған қоса, жағалау бойында да іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.