homepage
Depositphotos.com

Сарбаздарға киік етінен жасалған консерві беріле ме - министрлік жауап берді

17.06.2026, 14:49

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық сарбаздардың құрғақ азығына киік етінен жасалған консервілер енгізілуі мүмкін деген ақпарат қызу талқыланған болатын. Бұл мәселеге Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабековтің айтуынша, қазіргі таңда әскери қызметшілердің тамақтану нормасында мұндай консервілер қарастырылмаған.

«Қазір сарбаздардың ас мәзірінде консервілер жоқ. Әскерилерге жаңа піскен еттен дайындалған тағамдар беріледі. Киік етінен жасалған консервіні енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ», – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол өзі де киік етінің дәмін татып көрмегенін айтты.

Министрлік өкілінің айтуынша, әскери құрғақ азықтың құрамы салалық ғылыми институттардың ұсынысы негізінде бекітіледі және әзірге оған киік етінен жасалған өнімдерді енгізу жоспарда жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет киік өнімдерін экономикалық айналымға енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері бұл өнімді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінде пайдалану мүмкіндігін қарастырған.

Алайда Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта сарбаздардың азығына киік етінен жасалған консервілерді қосу жоспары жоқ екенін нақтылады.