Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейтілді. Биылғы бес айдың ішінде құқық қорғау органдары үш мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың жолын кесіп, 1,5 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық ұйымның қызметі тоқтатылған.
Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндіретін 12 жасырын зертхана мен есірткі өсіруге арналған 42 фитозертхана жойылды.
Министрлік есірткі бизнесінің қаржылық арналарына да тосқауыл қою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ұлттық банкпен бірлескен іс-шаралар нәтижесінде 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылып, 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталған. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары есірткі саудасына қатысы болуы мүмкін 20 мың криптоәмиянды тексеріп жатыр.
ІІМ синтетикалық есірткінің таралуы қазіргі таңда негізгі қауіптердің бірі екенін атап өтті. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 466 келі синтетикалық есірткі мен 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленген.
– Есірткінің алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Биыл мектептер мен жоғары оқу орындарында 6,5 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, сегіз мыңнан астам ақпараттық материал жарияланған.
Сондай-ақ Қазақстан халықаралық әріптестерімен бірлесіп трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп келеді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың денсаулығын қорғау және жастарды есірткі қатерінен сақтау бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.