Мұхиттың арғы жағында өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігінде бүгін 4 ойын өтті. Аргентинаның көшбасшысы Лионел Месси чемпионаттың алғашқы хет-тригін тіркеді. АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында Алжирмен өткен ойында Месси 17-ші, 60-шы және 76 минуттарда үш доп соғып командасына жеңіс әкелді.
Негізі Месси тағы бір гол соғып еді, ойын бастала сала, бесінші минутта, бірақ төрешілер офсайд деп ол голды есепке алмады. Қорытынды есеп 3-0. Осы үш голдан кейін Лионель Месси футболдан әлем чемпионаттарының тарихындағы ең үздік екі бомбардирдің бірі атанып отыр. Өзінің алтыншы чемпионатына қатысып жатқан аргентиналық жұлдыз соққан голдардың саны 16-ға жетті. Дәл осындай 16 гол Германияның бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозенің де еншісінде бар. Бірақ Клозе қазір ойнамайды, ал Месси болса чемпионатты енді бастады. Алда әлі ойындар баршылық, сондықтан 38 жасар Лионель Мессидің осы біріншілік барысында әлем чемпионаттарының ең үздік сұрмергені атануына ешкім кедергі келтіре алмас.
Сонымен қатар Месси бүгінгі мачтың ең үздік ойыншысы атанды. Ал жалпы футболдағы ғұмырында Месси 1 мың 157 ойын өткізіп, 914 доп соққан екен. Аргентина келесі ойынын 22 маусымда Австрияға қарсы өткізеді.
Мессиден менің қай жерім кем дейтін Килиан Мбаппе де бүгін сұрапыл ойын көрсетті. Сенегалға қарсы өткен мачта дубль авторы атанған Мбаппе Францияның футбол тарихындағы ең үздік бомбардир атанып отыр. Әлем чемпионаттарында ол соққан гол саны 14-ке жетті. Алда тек Лионель Месси мен Мирослав Клозе ғана тұр. Бүгін Франция 3-1 есебімен Сенегалды ұтты.
Алғашқы голды 66 минутта екі қорғаушының ортасынан сытылып шыққан Килиан Мбаппе соқты. Екі минут өтер өтпесте Сенегалдық шабуылшы Николас Джексон француздың қақпасына қақырата гол соғып еді, санамады. Офсайд. Ал 82 минутта Усман Дембеленің орнына алаңға шыққанына екі-ақ минут болған Бредли Барколя есепті 2-0 жеткізді. 91-ші минутта Сенегалдың 18 жасар жұлдызы Ибрагим Мбайе гол соғып, есепті қысқартты. Сөйтіп Сенегал жанкүйерлеріне үміт сыйлағандай болып еді, Мбаппе қоймады, 96-минутта алыстан теуіп, өзінің осы ойындағы екінші добын соқты. Франция үшін бүгінгімен қосқанда 99 ойын өткізген атақты шабуылшы соққан голдардың саны осымен 58-ге жетті. Бұған дейінгі рекорд Франция үшін 137 ойында 57 гол салған Оливье Жируға тиесілі еді. 39 жастағы Жиру бүгінде ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтаған, ал Мбаппе болса нағыз бабында жүр.
Негізі бүгін футбол әлеміндегі жұлдыздардың жарқыраған күні болды, қос-қостан, үш-үштен гол соғып, жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады. Норвегияның көшбасшысы Эрлинг Холанд та Месси мен Мбаппеден қалыспады. Иракқа қарсы ойында 29-минутта есеп ашқан Холанд бірінші таймның бітуіне екі минут қалғанда тағы бір гол соғып, дубль жасады. Ирактықтар бұған бір доппен жауап қайтарып, бірінші тайм 2-1 есебімен аяқталды.
Айта кету керек бұл Холандтың әлем чемпионатындағы алғашқы ойыны, дебют. Ал екінші кезеңда Норвегия қарсыластар қақпасына тағы да екі доп соғып, қорытынды есепті 4-1-ге жеткізді. 76-минутта Остигард, ал 90 плюс 6-минутта Хуссейн бір-бір голдан соқты. Сөйтіп Норвегия биылғы чемпионатты өте сенімді бастады. Өз тобында Францияны артқа тастап, көш бастап тұр. Келесі турда викингтер Сенегалмен ойнайды.
Ал бүгінгі күннің соңғы матчында Австрия Иорданияны 3-1 есебімен ұтты. 21-минутта Австрия сапында Шмид есеп ашса, 50-минутта иорданиялық Олван гол соғып, есепті теңестірді. Дегенмен ирак ойыншыларының одан әріге шамасы келмеді. 76-минутта Әл Араб, 90 плюс 125-минутта Арнаутович тағы екі доп соғып командасына жеңіс әперді. Сөйтіп, бүгінгі 4 ойында ұзын-ырғасы 16 доп соғылды.
Бекәлі Жәдік