homepage
icegov

АҚШ-та терроризмге күдікті ретінде қазақстандық азамат ұсталды

17.06.2026, 11:32

АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейдің ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ведомство мәліметінше, арнайы операция 2026 жылғы 5 маусымда федералдық серіктес мекемелердің қатысуымен жүргізілген.

ICE дерегіне сәйкес, 2025 жылдың жазында АҚШ-тың иммиграциялық соты Қазақстан азаматын елден депортациялау туралы түпкілікті шешім шығарған. Алайда ол сот отырысына келмеген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Еламан Балтагерей терроризмге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген тұлғалар санатына енгізілген. Қазіргі уақытта ол ICE қарауында қамауда отыр. Ол депортациялау рәсімі толық аяқталғанға дейін қамауда болады.

АҚШ Иммиграция және кедендік бақылау қызметі қазіргі әкімшіліктің көші-қон саясаты аясында елде заңсыз жүрген әрі терроризммен байланысы болуы мүмкін деп күдікке ілінген азаматтарды анықтау мен ұстау шаралары күшейтілгенін атап өтті.

Қазіргі уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та із-түзсіз жоғалған 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың мәйіті табылғаны белгілі болған еді. Ол Иллинойс штатында, Чикаго қаласының маңында іздестірілген. Марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру үшін оның әпкесі Гүлнара Чикагода қажетті рәсімдермен айналысып жатыр. Осы мақсатта қаражат жинау басталған болатын.