Атырауда бүтін бір отбасын қырып тастаған қандықол күйеу бала Меккеге барып, құдайдан кешірім сұрап келген. Сот отырысында сотталушыдан жауап алынып, ол тағы марқұмдарды кінәләді. «Қайын жұртым тілінен тартты» деген ол, еш өкінбейтінін де айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Әлі еш аяушылығым жоқ, өкінбеймін». Бұл бүгінгі сот отырысында жауап берген сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің айтқаны.
Ол Жангелдин ауылына барып, қайын атасы мен енесін айуандықпен өлтіріп, көміп, қайын апасын алдап қалаға ертіп әкеліп, оны да аямай пышақтап өлтіргеннен кейін, араға көп уақыт салмай, Меккеге Құдайдан кешірім сұрауға барғанын айтты. Ол жақта он күндей құлшылық етіп келгеннен соң , елден қашуды жоспарлаған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың қорғаушыларының сұрақтарына жауап беруден бірден бас тартқан сотталушы, әлі де марқұмдарды кінәлап, «олар тілінен тартты» деп отыр .
Зарема Хамидуллина, судья: — Балаларды ойладым дейсіз, баланы ойлаған шынайы адам баланы әкесіз қалдырмайды ғой, солай ма?
Сұлтан Сәрсемалиев, сотталушы: — Ең соңында амалсыздан бардым. Қасақана бірдеңе емес …
Судья: — Сіз сотта бірінші сөзіңізді былай бастадыңыз: «Мен бұл қылмысқа саналы түрде бардым, саналы түрде жасадым, мен жазықсыз адамдарды өлтірдім деп ойламаймын, менің оларға деген еш аяушылығым жоқ, мен жоспарлы түрде әрекет еттім». Бірінші сот процесінде сіз олардың маған жасаған қастандықтарына «қасақана жауап бердім» деп айттыңыз, алдын ала тыңдауда, есіңізде болса. Енді қазір алдын «ала ойлаған жоқпын» дейсіз.
Сұлтан: — Енді амалсыздан, қасақана шығар. Өзіме тиіскен адамға қасақана жасаған жоқпын. Амалсыздан, тыныш өмір бермегеннен. Отбасымнан былай да, былай да айырыламын, кегімді алып кетейін дедім.
Судьяның «қайын жұртың нақты қалай намысыңа тиді?» дегеніне, сотталушының тұшымды жауабы болмады. Бар айтқаны — «өз мүддесі үшін бізді айырып, балаларды алғысы келді, өз ісіме өкінбеймін» деумен болды.
Сұлтан Сәрсемалиев, сотталушы: — Барлығын жүрекпен жасадым. Оларға деген ешқандай мейірімім жоқ екенін түсіндім. Жылдар бойы жиналған өшпенділік, кек. Өзімді тоқтата алмадым.
Марқұмдардың мал-мүлкін емін-еркін пайдаланған сотталушы «бұл — пайдакүнемдік емес — қылмысымды жасыру» деп ақталды.
Сотталушы Индонезияда қашып жүргенде әлеуметтік желі арқылы елдегі аталмыш қылмысқа қатысты барлық ақпаратты қарап, құзырлы органдардың ізіне түскенін, балаларын мемлекет қарауына алғанын көріп отырғанын айтты.
Осылайша, бір отбасын қырып салған Сұлтан Сәрсемалиев өз жауабында бұл ісіне өкініші жоқ екенін жеткізді.