Қазақстан мен Чехияның құқық қорғау органдары бірлескен арнайы операция барысында Қазақстан және ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратып келген халықаралық қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, арнайы операция Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және Чехия полициясының қатысуымен жүргізілген. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық арнаның қызметі толық тоқтатылды.
Тергеу барысында күдіктілердің тұрғылықты жерінде, атап айтқанда Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілді. Нәтижесінде көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыш, заңсыз әрекеттерге қатысты дәлелдер мен ірі көлемдегі қолма-қол ақша тәркіленді.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, күдіктілер Қазақстан мен көршілес елдердің азаматтарына қатысты жеке мәліметтер сақталған жабық интернет-ресурс құрған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстық топ нақты бөлінген міндеттер бойынша жұмыс істеген. Бірі заңсыз схеманы ұйымдастырып, үйлестірсе, енді бірі азаматтардың жеке деректерін іздеуге қатысты тапсырыстарды қабылдап, оларды орындаумен айналысқан.
“Заңсыз табысқа қол жеткізгеннен кейін қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін арнайы «дроп-аккаунттар» пайдаланылған.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың басқа да қатысушыларын және заңсыз таратылған жеке деректердің нақты көлемін анықтау жұмыстарын жүргізуде”, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.