Белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының қайраткері Салтанат Өтелбаева мен жұбайы Мырзабек Қасымов жол-көлік оқиғасынан қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы оқиға 16 маусымда таңертең Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында, Бастау ауылының маңында болған.
Ақмола облысы полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, Chevrolet Tracker автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан жеңіл көлік КамАЗ жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Апат салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен 1978 жылы туған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Полиция бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Марқұмның әріптесі, Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспановтың айтуынша, ерлі-зайыптылар сол күні қызы Алтынайдың мектеп бітіру салтанатына қатысу үшін Астанадан таңғы сағат төрт шамасында жолға шыққан. Бітіруші түлек үздік оқығаны үшін қызыл аттестат алуы тиіс болған.
Қайғылы хабарды музей басшысына таңертең ерлі-зайыптылардың ұлы Нұрсұлтан жеткізген.
Полиция мәліметінше, жол апатына қатысқан КамАЗ жүргізушісінің қауіпті жүк тасымалдауға қажетті рұқсаты болған. Оқиға кезінде жүк көлігінің кабинасында қауіпсіздікке жауапты күзет қызметкері де отырған. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының нақты себептері анықталып жатыр.
Айтыс өнерінің дамуына үлес қосқан жан еді
Салтанат Өтелбаева Қазақстандағы айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан ақындардың бірі болды. Ол Қостанай өңірінің намысын республикалық және өңірлік айтыстарда қорғап, бірнеше шығармашылық байқаудың жүлдегері атанған.
Сонымен қатар Салтанат Өтелбаева – тарих ғылымдарының магистрі, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері және Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі директорының орынбасары қызметін атқарған. Ол музей ісі, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында көптеген жобалардың жүзеге асуына атсалысты.
Әріптестері мен замандастары Салтанат Өтелбаеваны кәсіби білікті маман, парасатты, мейірімді әрі елжанды азамат ретінде еске алып, оның қазақ мәдениеті мен айтыс өнеріне сіңірген еңбегі ұмытылмайтынын атап өтті.