Ет тісімізге емес, түсімізге кіретін заман туды. Қазақ күнделікті жейтін қой етінің бағасы бүгінде ірі қара мен жылқы етінің құнынан асып түсіп, нағыз «элиталық» өнімге айналып отыр. Бұл жай ғана эмоциялық байбалам емес, статистикалық шындық. Бір жылдың ішінде қой етінің құны бірден 29 пайызға өскен. Нарықтағы бүгінгі математика мынадай: бір тонна қой еті шамамен 1,3 миллион теңгеге жетсе, бір бас тірі қойдың орташа бағасы 86 мың теңгенің айналасында. Ал жақында өткен Құрбан айт мерекесінде нарықтағы алыпсатарлық пен тапшылықтың салдарынан қойдың бағасы 160 мыңға, ал қошқардың құны 200 мың теңгеден оңай асып кетті.
Бұл құбылыс нені білдіреді? Қой еті қазір жай ғана азық-түлік себетінің бір бөлшегі емес. Елдегі тоқтаусыз инфляция мен ауыл шаруашылығындағы коллапсты көрсететін басты макроэкономикалық индикаторға айналды, дейді сарапшылар. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі басу айтып отыр.
«Сәуір-мамыр айларындағы бағаның өсуі – уақытша маусымдық құбылыс. Оған Құрбан айт мерекесі алдындағы сұраныстың күрт артуы ғана әсер етті. 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қой басы 23,5 миллионға жетті, ал алғашқы төрт айда ет өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 11 мың тоннаға артып, 338,2 мың тоннаны құрады».
Алайда, мұның тек айт кезіндегі дүрбелең еместігін жоғарыда біз келтірген статистика жоққа шығарады. Қаладағы бағаны бағамдағанда даладағы шаруаның да шындығын ескеру керек.
«Қазір қаладағылар сол қойдың қандай еңбекпен, қандай бейнетпен бағылатынын білмейді. Таңғы 3-те өріске шығамыз. Кешкі 6-ға дейін мал жайылады. Күніне 12-13 сағат бойы аяқтан тік тұрып артынан жүресің. Қыста оның жемі мен шөбі бар. Оның өзі өте қымбат. Сондықтан қойдың бағасы қымбат деп ойламаймын. Ауылдағы адамдардың еңбегі де ақталуы керек», – дейді шаруа Әли Мәукен.
Шаруаның сөзінен байқағанымыздай, мал бағу тек физикалық тұрғыдан ауыр емес, ол қаржылық жағынан да өте шығынды кәсіпке айналған. Шөптің, жемнің, жанар-жағармайдың бағасы жыл сайын тоқтаусыз шарықтап барады.
«Ауыл шаруашылығымен айналысып, ауылда тұрып жатқан ағайынның малы неге арзанға сатылуы керек?! Неге мал шаруашылығы тиімсіз болуы тиіс? Тиімсіз болса, ауылда адам қалмайды. Азды-кем ақша әкеліп отырған соң ғана ағайын мал бағып отыр. Сонымен күнін көріп, нәпақасын табуда. Ет бағасы тым қымбат дегенге мен келісе алмаймын», – дейді кәсіпкер Сырым Ертаев.
Ауылда адамның қалмауы және мал басының күрт азаюы бүгін немесе кеше ғана басталған жоқ. Қой еті неге тапшы әрі қымбат, біздің сансыз отарларымыз қайда кетті деген сұрақтардың жауабын іздеу үшін Кеңес Одағының ыдыраған кезіне, яғни тоқсаныншы жылдардың басына оралуға тура келеді.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, Одақ кезінде елде 34,6 миллион қой мен ешкі болған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш әзер дегенде 23 миллионның төңірегіне жетті. Арадағы 11 миллионнан астам малды қайда жібердік? Бұл сауалға саясаткер, ауыл шаруашылығының сарапшысы Төлеутай Рақымбеков нақты жауап береді.
«1994 жылы жекешелендірудің пилотты жобасы Жезқазғанда басталды. Мен сол кезде осы өңірде қызмет еттім. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын совхоздарды жекешелендірген кезде ауыл адамдарының бәрін фермерлерге айналдырды. Мысалы, бір совхозда 60 мың қой бар делік. Осы жерде істейтін 200 қызметкерге 300 қойдан бөліп бере салды. Билік бәрі шаруасын дөңгелетіп әкетеді деп ойлады. Бірақ олай емес. Фермер деген кәсіпкер. Ал әркім кәсіпкер бола алмайды. Аяғында не болды? Қолына тегін қой түскендердің кейбірі арақ ішті. Бала-шағасын ойлағандар тамаққа айырбастады. Енді бірі сойып машина немесе үй алды. Сөйтіп малды бітірдік».
Стратегиялық жоспарсыз жүргізілген осы жекешелендірудің зардабын, міне, арада отыз жылдан астам уақыт өтсе әлі тартып келеді. Сол кездегі қателіктің кесірінен талан-таражға түскен мал басының орнын мемлекет бүгінгі күнге дейін толтыра алмай отыр. Ал қалған аз малдың өзі қазіргі тоқтаусыз инфляцияның құрбанына айналды.
«2019 жылы орташа жалақы 180-190 мың теңге болатын. Қазір 400 мыңның үстіне шығып кетті. Бірақ бұл халықтың таза табысы емес. Мысалы, бұрын 1 миллион теңгеге 2000 теңгеден 500 келі ет алатын болсаңыз, қазір баға 5000 теңгеге барды. Енді сол 1 миллионға 200 келі ғана ет алатын болсаңыз, жалақының өскенінен не пайда? Инфляция бәрін жей береді. Егер де дұрыс жолды таңдамасақ, бұл бағаның одан әрі шарықтауына алып барады», – деп санайды Төлеутай Рақымбеков.
Осындайда көпшіліктің көкейінде: «Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдап жатқан жоқ па? Жыл сайын аграрлық салаға миллиардтаған теңге субсидия бөлінеді емес пе?!» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Иә, мемлекет қолдайды. Жем-шөпке де, ауыл шаруашылығы техникасына, вакцинаға да қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ ең басты сұрақ – сол қазынаның ақшасы кімдерге бұйырып жатыр? Мәселенің ең үлкен шикілігі осында. Біздегі субсидия беру ережелері ірі монополист-алпауыттарға ғана ыңғайлы. Ал таңнан кешке дейін шаң жұтып, мал соңында жүрген қарапайым шаруаның ол қаржыға қолы жетпейді, себебі ережелер олардың қолын жіпсіз байлап тастаған.
«Қазір әр 10 қойдың тоғызы жеке шаруаның қолында. Бірақ субсидияны олар ала алмайды. Субсидияны алып отырған – 10 пайыз ірі кәсіпкерлер ғана. Мысалы, ірі қараға субсидия алу үшін бір шаруада кемі 1000 бас болуы керек деген талап бар. Бұл қаражаттың иісі де ауылға бармайды. Ереже солай жазылып кеткен. Еттің 89 пайызын өндіретін сол қарапайым шаруалар. Бірақ оларға мемлекеттік көмек жетпейді», – деп түйіндейді Төлеутай Рақымбеков.
Қарапайым шаруаға қаржылай көмек жетпеген соң қазір ауылда «мал бағам» дейтін адам да азайып барады. Мал бағу яки шопан болу – ешқандай әлеуметтік кепілдігі жоқ, бейнеті шаш етектен асатын, бірақ қоғамдық беделі жоқ, төмен жұмыс болып қалды. Егер біз еттің бағасын арзандатып, саланы дағдарыстан алып шыққымыз келсе, ең алдымен «Шопан» мәртебесін мемлекеттік деңгейде қайта көтеруіміз керек. Бұл Кеңес одағын құрғақ аңсау емес, ондағы прагматикалық, жүйелі тәсілді қазіргі нарыққа бейімдеп қайта алу деген сөз, дейді тағы сол Төлеутай Рақымбеков.
«Мемлекеттік шара қабылдануы керек. Совет кезінде шопандарға қандай көмек болды? Оларды мадақтады. Жағдай жасады. Баласын оқытты. Осының бәрін қайтару керек! Бұл болған нәрсе. Шопан жұмысқа кірсе, әйелі көмекші болып алынатын. Жалақысы жоғары еді. Тұрақты болу үшін зейнетке 55 жасында шығару керек. Екіншіден, шопандардың зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен төлеген жөн. Ауыл немесе аудан орталығынан 10 жылға ақысыз жалға берілетін үй салып бер. 10 жыл еңбек еттің бе? Үй соған толық өтсін. Сонда ғана кадр тұрақтайды».
Әлемде қазір таза, табиғи жайылымда өскен етке деген сұраныс артып барады. Шетелдегі кейбір мемлекеттер (мәселен, Австралия немесе Жаңа Зеландия) мұны баяғыда ұлттық брендке айналдырып, қой етімен жарты әлемді асырап, байып отыр. Ал біздің ұлан-ғайыр жайылымымыз бола тұра, сол әлемдік нарықтан неге құр қалдық? Егер біз жүйені дұрыс құрып, мал басын көбейтсек, Қазақстанға сырттан қанша шетелдік валюта әкелуге болады? Бұл сұрақтың жауабы мен нақты математикалық есебі тіпті мұнайшылардың өзін таңғалдырады.
«Егер 100 млн қой ұстап отырсақ, жылына 50 млн марқа етін сата аламыз. Қазір әлем елдері марқа етін керемет сатып алып жатыр. Араб елдері, Қытай, Еуропада сұраныс өте жоғары. Франция, Германия жылына 200 мың тонна қой етін сатып алады. 50 млн марқаны 20 келіден санаңыз. Қазақстаннан шыққанда келісі 5-8 доллар болса, бір ғана марқа етінен 5 миллиард доллар табыс түседі. Жүні мен терісін санамағанда. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы саласы сиыр еті мен сүтін қосқанда Қазақстанға жылына 100 миллиард доллар валюталық табыс әкеледі», – деп түйіндейді тағы сол Төлейтау Рақымбеков.
Жүз миллиард доллар! Бұл қазіргі жер қойнауын тесіп, шетелге сатып жатқан мұнайдан түсетін бүкіл табысымыздан да көп ақша. Мұнай ертең таусылады, ал мал таусылмайды. Шөп өсе береді, мал төлдей береді. Яғни, ауыл шаруашылығы – біздің сарқылмас, бабын келтірсең бітпейтін «екінші мұнайымыз» іспетті. Ал, қазақ билігі қойдың қадірін қашан түсінер екен?...
Айбек Айдарханұлы