homepage
polisia.kz

Үй аумағында көлік қоюға тыйым салына ма: ІІМ түсініктеме берді

16.06.2026, 12:53

Әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің аумағында автокөлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарады. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның түсіндіруінше, көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қою тәртібіне қатысты Жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Сондықтан тұрғын үйлердің ауласында көлік қоюға бұрынғыдай рұқсат етіледі.

Сонымен бірге министрлік жүргізушілерге қолданыстағы талаптарды еске салды. Атап айтқанда, автокөліктерді гүлзарларға, көгалдарға, балалар ойын алаңдарына және спорт алаңдарына қоюға немесе тоқтатуға тыйым салынады. Мұндай нормалар бұрыннан қолданыста бар.

ІІМ барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және өзара сыйластық пен жауапкершілік танытуға шақырды.

- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейтіп, көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі ескертіп, сондай-ақ жолдың жүріс бөлігінде, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын түсіндіру ұсынылады. Тек бірлесіп қана біз жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын аламыз, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.