Қостанай ауданындағы Алтын дала ауылының маңында орналасқан Тобыл өзенінде суға кеткен екі адамды іздеу жұмыстары бірнеше күннен бері тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Олардың бірі – бес жасар бала, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 14 маусымда болған. Отбасы өзен жағасында демалып отырған кезде 2020 жылы туған бала су жиегінде ойнап жүріп, өзеннің қатты ағысына түсіп кеткен. Немересінің суға кетіп бара жатқанын көрген атасы оны құтқаруға ұмтылған. Алайда қатты ағыс екеуін де алып кеткен.
Оқиға орнына Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадалары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және еріктілер жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына «10 регион», «Барс» және «Дос» еріктілер ұйымдарының мүшелері де қатысып жатыр. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар да көмек көрсетуде.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстарына 100-ден астам адам тартылған. Сондай-ақ 26 техника, 12 жүзу құралы және 5 ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылуда. Өзен акваториясында үш сүңгуір тобы жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылардың мәліметінше, іздеу басталғалы бері су айдынының 70 мың шаршы метрден астам аумағы тексерілген. Алайда әзірге жоғалғандарды табу мүмкін болмаған.
Төтенше жағдайлар қызметі іздеу жұмыстарына көмектесіп жүрген азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Мамандар су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін елемеу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.