Батыс Қазақстан облысында үш автокөлік соқтығысқан жол-көлік оқиғасы салдарынан екі әйел оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға 15 маусымда кешкі сағат 18:50 шамасында Теректі – Ақсай бағытындағы автожолдың 52-шақырымында болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Prado көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан көлік Volkswagen Tiguan автокөлігімен соқтығысқан. Кейін Toyota Prado тағы бір көлік – Toyota Land Cruiser 200- автомобиліне соғылған.
Жол апатының салдарынан Toyota Prado салонында болған екі әйел алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.
Бұдан бөлек, түрлі дене жарақатын алған бірнеше адам медициналық мекемеге жеткізілген.
Полиция аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта мамандар апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары жол қозғалысына қатысушыларды жолда сақтық танытып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.