homepage
AFP via Getty Images

Тең есеппен теңселген ойындар

16.06.2026, 10:21

Спортта сен мың жерден мықты бол, нәтиже көрсете алмасаң ешкім емессің. Командалық ойын болғанымен, футболда да сол. Испания құрамасы кешегі кездесуін Кабо-Вердеге қарсы өткізген. Түк өндіре алмады. Керісінше, ала-доптың жаһандық аламанына алғаш қатысып отырған Африканың аралдар мемлекеті ерледі. Азулы қарсыласының аузын да, адымын да аштырмады.

Иә, Испания 90 минут бойы допты өзі бақылауында ұстағанымен ұтымды тұс, ұтқыр шабуыл көре алмадық. Бір жағынан Испания ойыншыларының алаңға қарсыласты елемей, еш көзге ілмей, кеудемсоқ, менмендікпен шыққаны көрініп тұрды. Бірақ оған Кабо-Верденің түгі кеткен жоқ. Алғашқы чемпионаттары болған соң басында  қобалжыған аралдықтар шабуылға шықпаса да, өз алаңдарында сауатты қорғанып, салқынқандылықпен ойнады. Сасқан үйрек бұндай да не істеуші еді?!

Жаралы жұлдыздары Жамалды (Ямал) алаңға шығарған. Одан да түк өнбеді. Испания құрамасы қарсылас қақпасын 30 рет нысанаға алғанымен иненің жасуындай саңылау таба алмай сандалды. Сөйтіп, Испаниямен 0:0 есебімен тең ойнап, алғашқы бір ұпайларын еншілеген бұл ойын Кабо-Верде үшін жеңіспен тең болғаны сөзсіз...

Әсіресе, осы ойыннан кейін Кабо-Верде қақпашысы әп-сәтте әлемге әйгілі болып шыға келді. Ол Испания шабуылшыларының бірнеше қауіпті соққысын тойтарып, 7 сейв жасады. Сөйтіп, 40 жастағы қақпашы Возиньяның Instagram парақшасындағы оқырман саны бір түнде 50 мыңнан 1,5 миллионға бір-ақ жетті. Ойыннан кейін ол эмоциясын жасыра алмады.

«Мен бұл күнді өмір бойы армандадым. Біз осы сәтті ұзақ күттік. Командадағы әр ойыншы барын салды. Испанияның әлемдегі ең үздік құрамалардың бірі екенін білдік. Сондықтан бұл нәтиже біз үшін ерекше қуаныш», – деді Возинья.

Айтпақшы, бұл ойындағы ең қызық әрі таңқаларлық статистика дәл осы Кабо-Верде командасында тіркелді. Қанша жерден аутсайдер болса да, бұл құрама ойыншылар 90 минутта бар-жоғы бір-ақ рет ойын ережесін бұзған. Ал 1966 жылдан бастап әлем чемпионаттарында ресми статистика жүргізіле бастағалы бері бірде-бір команда матч бойы небәрі бір фолмен ойнап көрмеген. Кабо-Верде осы көрсеткіш бойынша рекордты кеше орнатты.

Бүгін түнде әлем чемпионатының G тобындағы алғашқы матчында Бельгия мен Египет құрамалары 1:1 есебімен тең түсті. АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы «Seattle Stadium» аренасында өткен кездесу өте тартысты әрі аптап ыстықтың астында өтті. Ойынның 19-минутында Египет есеп ашып, алға шықты. Өзінің 34 жасқа толған туған күнін алаңда атап өткен Египет капитаны Мохамед Салах орталық аймаққа керемет пас шығарды.

Пасты өз ырқына ыңғайлаған жартылай қорғаушы Имам Ашур айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасап, Бельгия қақпашысы Тибо Куртуадан айласын асырды. Бұл Ашурдың ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы. Ал 66-минутта Бельгия есеп теңестірді. Бельгия бапкері алаңға шабуылшы Ромелу Лукакуды шығарған. Ол ойынға қосылғаннан кейін небәрі 22 секундтан соң бірден оң қанаттан асырылған пасты қақпаға бағыттауға ұмтылғанда, Египет қорғаушысы Мохамед Хани допты байқаусызда өз қақпасына кіргізіп алды. Автоголдан кейін есеп теңесті.

Жалпы, бұл кездесуде Египет құрамасы жинақы ойнады. Салахты орталық шабуылшыға жақын позицияға қою тактикасы сәтті шығып, бельгиялықтарды тығырыққа тіреді. Ал Бельгия болса, алғашқы 45 минутта қарсылас қақпасына бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Бельгия сапынан Кевин Де Брюйне белсенділік танытып, оның бір соққысы қақпа бағанына тиді. Лукаку алаңға шыққан соң Бельгияның шабуылы ширай түсті. Екі командада да есепті еселейтін бірнеше мүмкіндік болғанымен, таблодағы тең көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Осылайша, екі фаворит те алғашқы турда 1 ұпайдан еншіледі. Египет құрамасы өзінің әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы жеңісіне өте жақын болғанымен, бұл жолы да тарихи нәтиже тіркелмеді.

Сауд Арабиясы мен Уругвай арасындағы кездесу Майамидегі «Miami Stadium» аренасында өтіп, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Әлем чемпионатының Н тобындағы алғашқы ойын екі команда қақпашылары жіберген қателіктер мен Сауд Арабиясы қақпашысының керемет сейвтерімен есте қалмақ. 41-минутта Сауд Арабиясы есеп ашты. Бірінші таймның соңына қарай бұрыштамадан асырылған допқа Хассан Аль-Тамбакти бірінші жетіп, баспен соққы жасады. Уругвайдың ардагер қақпашысы Фернандо Муслера допты сәтсіз қайтарып, ол қорғаушы Абдулелах Аль-Амридің алдына топ ете қалған. Абдулелах мүмкіндікті мүлт жібермей, допты бос қақпаға тоғыта салды. 80-минутта Уругвай таразы басын теңестірді.

Матчтың аяқталуына 10 минут қалғанда, Федерико Виньястың баспен жасаған соққысын Сауд Арабия қақпашысы Мұхаммед Аль-Овайс сәтсіз қайтарды. Қайтқан допқа бірінші жеткен Максимилиано Араухо жақын бұрышты дәл көздеп, есеп теңестіріп кетті. Марсело Бьелса баптайтын Уругвай құрамасы ойын тізгінін толық өз қолында ұстап, шабуыл да басым болған. Алайда бірінші таймда Дарвин Нуньес бастаған шабуыл шебі Сауд Арабиясының тығыз қорғанысын бұза алмады. Есесіне, Сауд Арабия қақпашысы Мұхаммед Аль-Овайс матчтың нағыз қаһарманы атанды. Ол ойын барысында 9 сейв жасап, матч соңындағы Федерико Вальверде мен Николас де ла Круздың қауіпті де жойқын соққыларын қайтарды. Сөйтіп, команда үшін маңызды 1 ұпайды сақтап қалды.

2026 жылғы әлем чемпионатының G тобындағы алғашқы тур аясында өткен Иран мен Жаңа Зеландия құрамалары арасындағы матч та 2:2 деген есеппен тең аяқталды. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «SoFi Stadium» аренасында өткен бұл кездесу қос команданың ашық әрі жоғары жылдамдықпен шабуылдаған осы чемпионаттың ең тартысты ойындарының бірі болды. 7-минутта Жаңа Зеландия есеп ашты. Ойын басталған бойда Жаңа Зеландия шабуылшысы Крис Вудтың керемет пасынан кейін Элиджа Джаст допты қақпаға дәл бағыттап, өз командасын алға шығарды. 32-минутта Иран есеп теңестірді. Иран құрамасының қорғаушысы Рамин Резаэян айып алаңы ішінде шебер ойнап, әдемі гол салды. 54-минутта Жаңа Зеландия тағы да алға шықты. Осы жолы да Крис Вуд пен Элиджа Джаст тандемі сәтті ойнап, Джаст бұл матчтағы өзінің екінші голын соқты. Сөйтіп ол Жаңа Зеландия тарихында әлем чемпионатының бір матчында дубль жасаған алғашқы футболшы атанды.

64-минутта Иран матчқа нүкте қойды. Рамин Резаэянның оң қанаттан асырған пасын Мохаммад Мохебби қақпаның тоғыздығына әдемі соққымен кіргізіп, таразы басын теңестірді. Бұл матч тек футболмен ғана емес, стадиондағы ерекше саяси атмосферамен де есте қалмақ. Лос-Анджелестегі «SoFi Stadium» аренасында ойын болып жатқан кезде, алаң сыртында Тегеран билігіне қарсы шыққан ирандық белсенділердің наразылық шерулері өтті. Алайда, бұл наразылық стадион ішіндегі ойынға ешқандай әсерін тигізе алмады.

Бекәлі Жәдік