homepage
фото: ашық дереккөзден

АҚШ-та жоғалған қазақ жігіті өлі табылды

15.06.2026, 19:22

АҚШ-тың Иллинойс штатында із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматы Әсет Құралбай қаза тапты. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Министрлік өкілінің айтуынша, америкалық құқық қорғау органдары жақында табылған мәйіттің Қазақстан азаматына тиесілі болуы мүмкін екенін хабарлаған. Қазір жеке басын нақты анықтау үшін қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. 

«Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі АҚШ-тағы жауапты мекемелермен және марқұмның жақындарымен тұрақты байланыста. Туыстарына барлық қажетті консулдық және құқықтық қолдау көрсетілуде», – деді Ерлан Жетібаев.

Еске салсақ, 24 жастағы Әсет Құралбай АҚШ-тың Чикаго қаласына жақын орналасқан Форд-Хайтс ауданында тұрған. Ол 2 маусым күні соңғы рет хабарласқаннан кейін байланыс үзілген. Ал 7 маусымнан бастап оның телефоны мүлдем өшіп тұр. Жас жігіттің құжаттары мен банк карталары үйінде қалған.