Біздің елде «саяси бәсеке» дегенге көпшілік күмәнмен қарайды. Ол түсінікті де. Осы уақытқа дейін әуелі Отан, сосын Нұр Отан, кейін Аманат атын жамылған билік партиясы ешкімге дес берген емес. Сондықтан, мамыр айының басында елде жаңа партия құрылды дегенде елең еткеніміз рас. Елде тіркелген партиялар саны 8-ге жетіп, саясат сахнасында ойыншылар көбейгендей көрінген. Сөйтсек, мұның бәрі саяси интриганың иммитациясы болып шықты…
Назарбаевтың «құлағы»
«Amanat» ақыры Әділетке қосылып тынды. Қазақстандықтар бұл саяси синергияны сан-саққа жүгіртіп жатыр. Дегенмен, басты сұрақ әлі басы ашық күйінде қалып отыр: қос партияның басын бір қазанда қайнату кімге керек болды? Бұл сұраққа депутат Ерлан Сайыров былай деп жауап беріпті:
«Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – ол Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесімен толық қоштасу. 1 шілдеден бастап, Қазақстан жаңа саяси дәуірге енеді. «Аманат» партиясы үш жылдың ішінде жақсы жұмыс істеді. Халықтың алдындағы өзінің міндеттерін орындады. Бірақ, «Аманаттың» артында Назарбаевтың құлағы шығып тұрады. Сондықтан, «Аманат» партиясы «Әділет» партиясына қосылу жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім жаңа дәуірге байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесінен толық арылу деп есептеймін!».
«Аманатқа қиянат жүрмейді» дейтін қазақ. Билік партиясы ел артқан аманатты орындай алды ма? Бұл бірігу бір кездері билік партиясымен бірге боламын деп шешкен 850 мыңнан астам аманаттықтарға жасалған қиянат емес пе? Бұл сұрақты журналистер партияның ендігі бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа қойған.
«Қиянат деген ол тұрақсыздық, өзіңнің иделарың мен ұстанымдарыңнан ауытқу болса, ол, әрине, қиянат болады. Біз болсақ, біріккен партияға ауыссақ та, өз идеямызда, өзіміздің саяси платформамызда қаламыз. Сондықтан бұл ешқандай да қиянат емес. Біз жаңа деңгейге көтеріліп жатырмыз», - депті Қошанов.
Отаннан «Әділетке» дейін
Партия 1999 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы негізінде «Отан» деген атпен құрылған. 1999 жылғы Мәжіліс сайлауында жеңіске жетті. Уақыт өте партия билікте толық үстемдік орнатты. 2006 жылы партия атауы «Нұр Отан» болып өзгерді. Партия атауы 2013 жылға дейін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы» болған, кейін атауындағы «халықтық-демократиялық» деген сөзді алып тастап, жай «Нұр Отан» болып өзгерді. «Нұр Отан» шексіз күшейді, тіпті 2007 жылы Парламентке бір өзі жайғасқан еді. «Нұр Отанға» шенді-шекпендінің бәрі мүше болатын. Қанды қаңтар бәрін өзгертті. Сол жылы наурызда партия атауы «Amanat» болып өзгерді. Аманат та - жаман ат емес секілді еді, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева партия басшыларының бұл шешімін былай деп түсіндіреді:
«Меніңше, «Amanat» партиясының басшылығы өзінің саяси болашағына алаңдады. Өйткені, әкімшілік ресурстардың негізгі бөлігі алдағы уақытта Әділетке ауысатыны анық.. Егер келесі сайлауда «Әділет» көбірек дауыс жинаса, онда жаңа партияның өкілдері алдыңғы қатарға шығып, саяси ықпалға ие болар еді. Ал «Amanat» жетекшілері саясаттан шеттеп қалуы мүмкін еді. Сондықтан олар өздерінің саяси позицияларын сақтап қалу үшін бірігу туралы шешім қабылдаған сияқты. Бірақ бұл бірігу «Әділет» партиясы үшін үлкен минус болды деп ойлаймын. Иә, оған партиялық инфрақұрылым мен техникалық мүмкіндік өтті. Бірақ сонымен бірге «Amanat»-тың бүкіл саяси жүгі де қоса артылы. Меніңше, нәтижесінде «Әділеттің» бойындағы жаңару әлеуетін «Amanat» толықтай жұтып қойды».
Кім-кімді жұтса да, тек Назарбаевтың «құлағын» көрсетпеу үшін атауын ғана ауыстыру аздық ететін секілді. Материалды саясаттанушы Дос Көшімнің пікірімен аяқтаймыз, түйін – Cізден.
«Мұндағы мақсат – жаман атты партияның атынан да, өзінен де құтылып, бірақ сол адамдармен бірге, сол адамдардың бағытындағы жаңа биліктің партиясын жасау. Мұны өте қарадүрсін, өте ыңғайсыз, халықты ақымақ санаған саяси ойын деп санаймын».