Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің және World Boxing ұйымының президенті, шойын жұдырықты Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокстың Даңқ залына (IBHOF) енді. Салтанатты рәсім АҚШ-тың Канастота қаласында өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Геннадий Головкин мұндай мәртебеге ие болған тұңғыш қазақстандық боксшы.
Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтердің бірі саналады. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді бокс тарихының ұлы тұлғаларымен қатар тұр.
Геннадий Головкиннің әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетті. Кәсіпқой бокста оның еншісінде 45 жекпе-жек пен 42 жеңіс бар. Оның 37-сі нокаутпен аяқталған. Спорттық мансабында ол WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының беделді белбеуін иеленді.
Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Эд Брофи бастамасымен Канастота қаласында құрылған. Ұйым кәсіби бокстың тарихын сақтау және дәріптеумен айналысады. Қазіргі таңда Халықаралық бокс даңқы залының 300-ден астам мүшесі бар.