homepage
фото: ашық дереккөзден

Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыс аяқталуға жақын

15.06.2026, 11:29

АҚШ пен Иран әскери қақтығысты тоқтату жөнінде келісімге келуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Келісім аясында АҚШ Иран порттарына қатысты шектеулерді жеңілдетіп, ал Иран Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын қайта ашуға келіскен.

Бұл туралы Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

"Бәріңізді құттықтаймын! Мен Ормуз бұғазын баж салығысыз толық ашуға және АҚШ Қарулы Күштерінің теңіз блокадасын дереу тоқтатуға бұйрық беремін. Әлем кемелері, қозғалтқыштарыңызды іске қосыңыздар. Мұнай еркін ақсын!", – деді ол. 

Оның айтуынша, келісімге ресми түрде 19 маусымда Швейцарияда қол қойылуы мүмкін. Ақпаратты Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф те растап отыр. 

"Қарқынды келіссөздер нәтижесінде АҚШ пен Иран Ислам Республикасы арасында бейбіт келісім жасалғанын қуана хабарлаймыз. Екі тарап та барлық майданда, соның ішінде Ливанда әскери қимылдарды дереу және біржола тоқтататынын мәлімдеді", – деп жазды Пәкістан Премьер-министрі зінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Трамптың мәлімдеуінше, Ормұз бұғазы да жұма күні қайта ашылады. Осы жаңалықтан кейін Brent маркалы мұнай фьючерстері шамамен 4 пайызға, ал WTI бағасы 4,6 пайызға арзандап үлгерді. 

Reuters мәліметінше, АҚШ 30 күн ішінде Иран порттарына қойылған теңіз блокадасын алып тастауға, жаңа санкциялар енгізбеуге, бұғатталған ирандық активтердің бір бөлігін босатуға және мұнай экспортына қатысты жеңілдіктер беруге келіскен. Ал Иран Ормуз бұғазын ашуға, ядролық қару жасаудан бас тартуға және қазіргі ядролық бағдарламасын тоқтата тұруы тиіс. Алайда келісімнің толық мәтіні әлі жарияланған жоқ.