Алматыда полиция қызметкерлері күдік тудырған ер адамды ұстап, оның сөмкесінен пышақ пен гранатаға ұқсас зат тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға Райымбек даңғылында болған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның әрекеті құқық қорғау органдарының назарын аударған. Тексеру барысында оның барсеткасынан пышақ және сыртқы пішіні гранатаға ұқсайтын зат анықталған.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен сапер мамандар шақырылды. Тексеру нәтижесінде тәркіленген заттың оқу-жаттығу гранатасы екені және ешқандай қауіп төндірмейтіні белгілі болды.
Ұсталған азаматтың айтуынша, ол аталған заттарды бұған дейін тауып алған, ал пышақты тұрмыстық қажеттілік үшін өзімен бірге алып жүрген. Қазір бұл ақпарат тексеріліп жатыр.
Полиция ер адамның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын да анықтады.
Алматы полициясы тұрғындарды қару-жараққа немесе оқ-дәріге ұқсас заттарды өзімен бірге алып жүрмеуге және мұндай заттар табылған жағдайда бірден «102» нөміріне хабарлауға шақырды.