Жетісу облысының Текелі қаласында күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел адам ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 10 маусымға қараған түні болған. 45 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ер адамға өлімге әкелген жарақатты жұбайы бірге спирттік ішімдік ішкен кезде салғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.
Сот шешімімен күдікті әйел қамауға алынып, Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына орналастырылды.
Қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оқиға туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған.
«НеМолчи» қоғамдық қорының мәліметінше, ұсталған әйел көпбалалы ана және ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін.
Қор жариялаған ақпаратта көршілердің сөзіне сүйеніп, марқұмның алкогольдік ішімдікке әуес болғаны, үйде жиі жанжал шығарып, жұбайы мен балаларына күш көрсеткені айтылған. Алайда бұл деректерді құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Полиция істің барлық мән-жайы толық зерттеліп жатқанын, түпкілікті процессуалдық шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданатынын мәлімдеді.