Америка Құрама Штаттарының Иллинойс штатында 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Threads әлеуметтік желісінде тараған мәліметке сәйкес, Әсет Чикаго қаласына жақын орналасқан Форд-Хайтс ауданында тұрған. Ол соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда жақындарымен байланысқа шыққан.
Ал 7 маусымнан бастап оның ұялы телефоны толықтай сөнген.
Туыстарының айтуынша, Әсет үйден шығарда жеке құжаттарын, банк карталары мен әмиянын өзімен бірге алмаған. Барлық заты үйінде қалған.
10 маусымда полиция жоғалған жігітке тиесілі Toyota Camry автокөлігін тауып алған. Алайда көлік иесі әлі күнге дейін табылған жоқ.
Оның АҚШ-та нақты қандай іспен айналысқаны әзірге нақтыланбады.
Әлеуметтік желідегі болжамдар
Желі қолданушылары мен оқиғадан хабардар тұлғалар бұл жағдайға қатысты бірқатар алаңдаушылық тудыратын деректі алға тартады.
«Оны АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полициясының (ICE) базасы арқылы тексеріп көрді, бірақ ол жақта есім-сойы тіркелмеген. Әдетте ICE қызметкерлері ұстаған жағдайда құжаттарды бірге алып кетер еді, ал Әсеттің құжаттары үйінде қалған.
Сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбаларына сәйкес, оның көлігін дүкеннің маңына афроамерикалық әйел қалдырып кеткен деген ақпарат бар. Ол тұрған аудан қылмыс деңгейі өте жоғары, қауіпті аймақ саналады. Істің ақ-қарасы әлі белгісіз, бірақ бұл жерде бір шикіліктің бары анық», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Сыртқы істер министрлігі не дейді?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Чикагода жоғалған отандасымыздың жағдайынан толық хабардар екенін растады.
«Біздің Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз азаматтың туыстарымен де тұрақты байланыста. Жағдай ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», – деп хабарлады СІМ.
Әсет Құралбайды көрген-білгендер немесе оның қазіргі уақытта қайда екені туралы қандай да бір ақпаратқа ие азаматтар болса, әлеуметтік желідегі жеке хабарламалар арқылы немесе туыстарының мына байланыс нөміріне хабарласуын сұрайды: +7-702-575-47-47.
Жақындары ақпараттың барынша кең таралуын өтінеді.