Астанада өткен «Әділет» партиясының II съезінде «AMANAT» партиясын «Әділет» партиясының құрамына қосу туралы шешім қабылданды. Бұл ұсынысты съезге қатысқан 613 делегат бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Съезд барысында партияның алдағы даму бағыттары, өңірлік филиалдар құру және ұйымдық құрылымды күшейту мәселелері қаралды. Делегаттар Қазақстанның барлық өңірінде партия филиалдарын ашу туралы шешімді де мақұлдады.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дадебай өз сөзінде партия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, елдегі реформалардың табысты болуы қоғамның белсенділігі мен саяси күштердің жауапкершілігіне байланысты.
Съезд қатысушылары адами капиталды дамыту, білім беру сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелерін де талқылады.
Айбек Дадебайдың айтуынша, «AMANAT» партиясының «Әділетке» қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген шешім.
Съезге қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, энергетика, цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік және мұнай сервисі салаларындағы ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Партия өкілдерінің мәліметінше, өңірлік желіні кеңейту азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуын арттырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.