Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті әлі тарап жатыр. Ел билігінің соңғы мәліметіне сәйкес, вирус жұқтырғандар саны 710 адамға жетсе, оның 149-ы қайтыс болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл көрсеткіштер 13 маусымдағы жағдай бойынша жарияланған. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде 21 жаңа жағдай тіркелген.
Мамандардың айтуынша, індеттің таралу қарқыны алаңдаушылық туғызып отыр. Қазір эпидемиологтар ауру ошақтарын оқшаулап, байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Эбола – өте қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол адамнан адамға тікелей байланыс арқылы жұғады және дер кезінде ем көрсетілмесе, өлім-жітім деңгейі жоғары болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық гуманитарлық ұйымдар Конго билігімен бірлесіп індеттің одан әрі таралуына жол бермеу шараларын күшейтіп жатыр.
Сарапшылар әсіресе медициналық инфрақұрылымы әлсіз әрі қарулы қақтығыстар жиі болатын аймақтарда жағдай күрделі екенін айтады.
Айта кетейік, Конго Эбола вирусының ошағы жиі тіркелетін елдердің бірі саналады. Бұған дейін де елде бірнеше ірі індет болып, мыңдаған адам ауру жұқтырған болатын.