Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Ресей шекарасындағы Павлодар облысында орналасқан «Қосақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кептелісі байқалып жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, бұл жағдай жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің маусымдық артуына байланысты қалыптасқан.
Күту уақытын қысқарту мақсатында өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қажетті ұйымдастыру шаралары қабылданып, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
ҰҚК жүргізушілер мен тасымалдаушыларға Павлодар облысындағы «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу пункттерін, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» бекеттерін пайдалануға болатынын еске салды.
Сондай-ақ шекарадан өтуді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін электрондық кезек жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе бос орындардың қолжетімділігін тексеруге, өткізу пункттеріне түсетін жүктемені азайтуға және тасымалдаушылар үшін шекарадан өту процесін барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.