homepage
фото: FIFA

Алғашқы пенальти һәм тең ойындар

14.06.2026, 11:54

Бүгін түнде Әлем чемпионатының B тобындағы Қатар мен Швейцария арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Кездесу АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы стадионда өтті. Әрі, бұл ойында осы топтың басты аутсайдері саналатын Қатар құрамасы азулы қарсыласын қапы қалдырды. Ал Швейцария болса, «қатарлықтарды қалпақпен қағып аламыз» деп шыққан алаңға. Олай болмады. Сөйтіп, Қатар құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатында өздерінің алғашқы ұпайыларын еншіледі.

Негізі бұл ойын бастала сала, екі команда да бір-бірінің қақпасына лап беріп, есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Екеуінде де, екі тараптың қақпашылар ерледі. Бірақ, ойын тізгіні негізінен Швейцарияның қолында болды. Осы ел футболшыларының кезекті шабуыл кезінде Қатар қақпашысы Махмуд Абунада өзінің айып алаңында Ремо Фройлерді баудай түсірген. Төреші бірден пенальти белгіледі. Швейцария құрамасының шабуылшысы Брель Эмболо пенальтиді сәтті орындап, есеп ашты. Бірақ, ойын барысында дәл осы сәт офсайд болды ма деген күмән туындап, VAR төрешілері ойынның осы сәтін ұзақ тексерді. Осылайша 2026 жылғы әлем біріншілігіндегі алғашқы 11 метрлік айып добы көптің тарапынан аз-кем түсініспеушілік тудырды. Дегенмен, болар іс болды.

Осыдан кейін Мұрат Якин шәкірттері Қатар қақпасын қайта-қайта шабулдағанмен одан саңылау таппады. Ақыры сынаптай сырғып негізгі уақыт аяқталып, ойынға қосымша 6 минут қосылған. Дәл осы уақыт аяқталуға тура бір минут қалғанда Қатар құрамасының капитаны Буалем Хухи сол қапталдан Хомам Ахмедтің асырған добын басымен қақпаға қадап, есепті теңестірді. Алайда бұл гол ресми түрде швейцариялық қорғаушы Миро Мухаймның автоголы ретінде тіркелді. Швейцария құрамасы бүкіл ойын бойы басымдыққа ие болғанымен, өздерінің көп мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра арлмай ақыры бір ұпай ғана еншілеп, сан соғып қалды. Өйткені олар бүкіл ойын барасында қарсыластар қақпасына 27 рет соққы жасап, соның 10 добын дәл бағыттаған. Ал Қатар құрамасы болса, қарсылас қақпасына 10 доп бағыттап, соның үшеуін тура тепкен. 

C тобындағы орталық матчта Бразилия мен Марокко құрамалары да 1:1 есебімен тең ойнады. Нью-Джерсидегі «МетЛайф» стадионында болған кездесу өте тартысты өтті. Ойынның 21-минут Марокко құрамасы есеп ашты. Реал Мадридтің шабуылшысы Браим Диас бразилиялық қорғаушылардың арасынан тамаша пас шығарған, оны әрәптесі Исмаэль Сайбари Бразилия қақпашысы Алиссон Беккердің үстінен асыра салып, әдемі гол салды. Арада он минут өткенде Бразилия сапынан жауап голды шабуылшы Винисиус Жуниор соқты. Ол Бруну Гимарайнштың пасынан кейін айып алаңына бұзып-жарып кіріп, қорғаушыны алдап өтіп, қақпаның жоғарғы бұрышын дәл көздеп, тоғыздыққа топ еткізді. Бұл Винисиустың ұлттық құрама сапында 50-ші ойыны. Бразилияның басты жұлдызы Неймар жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ. Ол ойынды қосалқы құрамда отырып тамашалады. Кездесу кезінде Бразилияның жаңа бас бапкері Карло Анчелотти бірінші таймда сары қағаз алған Каземиро мен Ибаньесті қызыл қағаз қаупінен сақтау үшін үзілісте оларды бірден алмастырып тастады. Ойын басынан аяғына дейін алма кезек шабуылдар мен драмаға толы болды.

Мысалы, Марокко қақпашысы Яссин Буну бірінші таймның соңында Лукас Пакетаның қайшылап тепкен соққысын асқан шеберлікпен қайтарып, командасын құтқарды. Ал матчтың қосымша уақытында (90+9 минутта) Бразилия қақпашысы Алиссон да керемет қос сейв жасап, Марокконың жеңісті жұлып әкетуіне жол бермеді. Жалпы бұл кездесу өте дөрекі әрі физикалық-психологиялық тұрғыдан ауыр ойын болды. Екінші таймда Фабиньоның аузынан қан кетіп, алаңнан шығуға мәжбүр болса, марокколық қақпашы Буну да қатты қақтығыстан кейін ұзақ уақыт медициналық көмек алды. Әлем чемпионатының ең тартысты ойындарының біріне айналған бұл матч әлеуметтік желілерде әлі үлкен дау-дамай тудырары сөзсіз. 

28 жылдан кейінгі гол. Шотландия футболдан әлем біріншілігінде соңғы рет 1998 жылы доп соққан екен. Содан міне бүгін Гаитиге қарсы ойында гол соғып, әрі онысы жеңіс добы болып шықты. Ойынның 28 минутында Джон Макгиннің тепкен добы жолай Гаити қорғаушыларына тиіп, бағытын өзгертіп қақпаға еніп кетті. Осы есеп тайм соңына дейін өзгерген жоқ. Екінші тайм бастала салысымен Гаити тізгінді бірден қолдарына алып, Шотландияның айып алаңын айналдыра шиырлай бастады. Әсіресе сол қапталмен өрген шабуылдар көп қауіп төндірді. Бірақ Гаити ойыншылары қапталдан айып алаңына қарай әуелете доп асырудан асқан айла-шарғы таба алмады, онысы еш нәтиже бермеді, ары кеткенде бұрыштамалар ғана бұйырып жатты.

Есесіне Шотландияның ара-тұра жасаған қарымта шабуылдары әлдеқайда қатер төндірді. Әсіресе 55 минутта Джон Макгинн дубль авторы атана жаздады, айып алаңының сол жағынан көлбей тебілген доп қақпадан сәл ғана қиыс кетті. Ал 66 минутта биылғы Әлем біріншілігінде жаңадан енген ережелердің бірінің жүзеге асқанын көрдік. Төреші 5 секунд ішінде ауттан қоса қоймадың деп допты Шотландиялықтардан алып Гаитиге берді. Еске сала кетейік жаңа тәртіп бойынша команда аутқа кеткен допты бес секунд ішінде ойынға қоспаса, доп қарсылас командаға  беріледі.Тағы бір қызығы бүгінгі гол авторы Джон Макгинн 31 жас, 238 күнге келген шағында Шотландия тарихында гол соққан ең жасы үлкен футболшы деген рекорд жасады. Бұған дейін бұл атақ 1982 жылы 31 жас 103 күн дегенде гол салған әйгілі Кенни Далглишке тиесілі болған екен. Қалай болғанда да осы соғылған доп мачтағы жалғыз гол күйнде қалды. Шотландия 1-0 есебімен жеңіске жетіп үш ұпай олжалап, С тобында көш бастады. 

Ширек ғасырдан кейін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қайта оралған Түркия құрамасы бүгін Австралиямен алғашқы кездесуін өткізді. Бұл Ванкуверде өткен Д тобындағы екінші матч. Негізгі ойын басталмас бұрын бәрі фаворит Түркия деп болжам жасаған еді. Ойын барысы бұл болжамның негізінен растығын дәлелдеді де, бірақ жасыл құрлық өкілдері де футболдан құралақан емес екендіктерін байқатты. Австралияның әсіресе ірі денелі, бойшаң ойыншылары стандартты жағдайларда өте қауіпті күшке айналды. Австралиялықтардың сапында бойы 1 метр 90 сантиметрден асып, екі метрге жетеғабыл болатын 4 ойыншы бар екен. Мұндай қорғанысты бұзып жарып өту оңай емес екені бірден байқалды.

Түркия тынымсыз шабуылдағанына қарамастан қарсыластың айып алаңына еркін кіре алмады, алыстан соққы да жоқ. Есесіне Австралияның аракідік бастаған қарымта шабуылдарынан төнген қауіп бұлты қоюлана түсті. Ақыры дегендеріне жетті, 27 минутта Австралия өз қақпасынан ортаға, ортадан алдыға қарай екі-ақ паспен Түркияның бүкіл қорғанысын қиып түсірді. Ең жас ойыншылардың бірі Нестори Иранкунданың айып алаңына кіре  сала көп ойланбастан қайқайта тепкен добы, тордан бірақ шықты. ГОЛ! Бұл биылғы әлем біріншілігіндегі 18-ші гол болды. Бірінші тайм осылай аяқталды.

Екінші кезеңде аянатын ештеңе қалмаған түріктер қысымды одан әрі күшейтті, шабуылға жаппай көшті. Бұл өз кезегінде Австралияның қарсы шабуылдар жасауына кеңістік ашып берді. Екі қақпаның алдында да қауіпті, қарбалас сәттер үдеген үстіне үдей түсті. Екінші кезеңнің ортасынан ауған кезде Австралия футбол тілімен айтқанда алаңға "автобус" қойды. Салақұлаш сары автобусты қалай айналып өтердің амалын таппай қиналған түріктер айып алаңының айналасынан қақпаға тікелей тебе бастады, бірақ ондай доптың жолына кесе көлденең тұрған сары жейделілер қақпаға жолатпады. Ал 75 минутта түрік ойыншыларының бірінің қателігінен кейін қарсы шабуылға ұмтылған Австралия екінші добын торға тоғытты. ГОЛ авторы Коннор Меткалф.

Сөйтіп, құрамындағы ойыншылардың жалпы құны 473 миллион Еуро тұратын Түркия 78 миллиондық Австралияға қарсы еш қайран қыла алмады. Хакан Чалқаноғлы, Арда Гүлер, Кенен Иылдыз сынды сайыпқырандар бастаған Түркия қарсыластың қақпасына қарай тура 30 рет доп тепкен екен, бірақ соның бірі де голға айналмады. Есеп 2-0. Дегенмен әр топтан үшінші орын алған командаға дейін плей-офф кезеңіне өте алатынын ескерсек Түркия әлі де үмітін үзген жоқ. D тобында алғашқы турдан кейін 3 ұпайлары бар АҚШ пен Австралия келесі кезеңге өтуге бір табан жақын тұр.

Бекәлі Жәдік