Алматы қаласында 12 жастағы оқушы Абылайхан Ержанұлының өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен түрлі нұсқалары жан-жақты тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиға орнындағы және оған жақын аумақтардағы бейнежазбалар зерттеліп, іс материалдарына тіркелген. Сондай-ақ оқиғаның нақты көрінісін анықтауға көмектесетін өзге де цифрлық деректер қарастырылуда.
Тергеу барысында қылмысқа бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы бар екені анықталған. Күдікті ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылды.
Қайғылы оқиға 10 маусымда кешкі уақытта Алматының Түрксіб ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер арасында туындаған жанжал кезінде 12 жастағы бала пышақ жарақатын алған. Алған жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмған.
Полицияның мәліметінше, қолда бар бейнежазбалар мен хат алмасуларға сүйенгенде, марқұм жасөспірім күдіктінің үйіне арадағы мәселені анықтау үшін барған.
Марқұмның туыстары Абылайханның жуырда ғана №32 мектептің 6-сыныбын аяқтағанын айтады. Ол каратемен айналысып, қара белбеу иегері болған. Жақындарының айтуынша, бала ешқандай жанжалға араласпаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың ата-аналарының бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындау мәселесіне де құқықтық баға бермек.
Алматы қалалық полиция департаменті тергеу барысы ерекше бақылауда екенін және істің барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.