Филиппиннің оңтүстігінде, Минданао аралында 7,8 магнитудалы жер сілкінісі болып, қаза тапқандар саны 61 адамға жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жергілікті азаматтық қорғаныс органдары мен БАҚ мәліметінше, алдын ала мәліметтерге сәйкес, табиғи апат салдарынан 1 221 адам жарақат алып, 33 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен.
Ресми деректерде ең көп шығын Сокксарген және Давао аймақтарында тіркелгені айтылды. Тек осы өңірлердің өзінде ондаған адам көз жұмған.
Қауіпсіздік қызметтері Сарангани провинциясында төтенше жағдай режимін енгізді. Бұл шешім инфрақұрылымның айтарлықтай зақымдануына және құтқару жұмыстарын жеделдету қажеттілігіне байланысты қабылданған.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісінен кейін 2 мыңнан астам афтершок тіркелген, бұл өңірдегі жағдайдың әлі де тұрақсыз екенін көрсетеді.
Апат салдарынан 6 мыңнан астам мектеп, 3 мыңнан астам тұрғын үй, ондаған жол мен көпір, сондай-ақ 100-ден астам мемлекеттік ғимарат зақымданған.
Құтқару жұмыстары жалғасуда
Құтқару қызметтері үйінділер астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Әзірге қаза тапқандар саны әлі де өзгеруі мүмкін, себебі кейбір аймақтармен байланыс толық қалпына келмеген.
Айта кетейік, соңғы жылдары Филиппин Тынық мұхитының «Отты белдеуі» аймағында орналасуына байланысты жиі күшті жер сілкіністері мен жанартаулық белсенділік тіркелетін елдердің бірі болып отыр.