ҚР Конституциялық Соты Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы» 2016 жылғы қаулысының бір тармағын Конституцияға қайшы деп таныды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аталған тармақта «Шымбұлақ» шатқалына тек электромобильдерден басқа көлік құралдарының кіруіне шектеу қойылған болатын.
Іс Алматыдағы «Тұйықсу» шатқалында тұратын азаматтың шағымы негізінде қаралды. Ол Медеу – Шымбұлақ жолы арқылы үйіне қатынау мүмкіндігі шектелгенін айтып, бұл оның еркін жүріп-тұру құқығына әсер еткенін мәлімдеген.
Конституциялық Сот өз шешімінде мемлекет экологиялық мүдделер мен азаматтардың құқықтары арасында әділ тепе-теңдік сақтауға міндетті екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мақсатында белгілі бір шектеулер енгізуге болатыны, бірақ ол шектеулер заң аясында және өкілетті орган тарапынан қабылдануы тиіс екені көрсетілді.
Сот қорытындысына сәйкес, көлік қозғалысын шектеу жөніндегі мұндай шешімдерді қабылдау Алматы қаласы әкімдігінің құзыретіне жатпайды. Бұл өкілеттік мәслихат деңгейінде қарастырылуы тиіс.
Нәтижесінде, Конституциялық Сот әкімдік қаулысының даулы тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.