Қазақстанда несие және бөліп төлеу карталарына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бүгінде бұл қаржы құралдары халық арасында ең кең таралған төлем тәсілдерінің біріне айналды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Finprom сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айының соңында елдегі айналымдағы несие карталарының саны 13 миллионнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көп. Ал 2022 жылмен салыстырғанда өсім шамамен 19 пайызды құраған.
Соңғы он жылдағы көрсеткіш тіпті әсерлі – несие карталарының саны бес еседен астам көбейген. Мәселен, 2015-2017 жылдары елде 3 миллионға жетпейтін несие картасы болған.
Бөліп төлеу карталары неге танымал?
Соңғы жылдары бөліп төлеу карталары қазақстандықтардың күнделікті өміріне берік енді. Олар тұрмыстық техника, киім-кешек, білім беру, медицина және басқа да қызмет түрлерін төлеу кезінде кеңінен қолданылады.
Мұндай карталардың басты артықшылығы – банк талаптары сақталған жағдайда сатып алынған тауардың құнын бірнеше айға бөліп, артық төлемсіз өтеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қымбат сатып алуларды қолжетімді етеді.
Сұраныстың артуына банктердің сауда желілерімен және интернет-дүкендермен әріптестігінің кеңеюі, сондай-ақ карталарды мобильді қосымша арқылы онлайн рәсімдеу мүмкіндігі де әсер етіп отыр.
Қазақстандықтар шетелде де пайдалана бастады
Соңғы жылдары халықаралық деңгейде қолдануға болатын бөліп төлеу карталары да танымал бола бастады. Кейбір қазақстандық банктер мұндай карталарды ел ішінде ғана емес, шетелде және халықаралық интернет-дүкендерде де пайдалануға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өнімдер дәстүрлі несие картасы мен бөліп төлеу картасының мүмкіндіктерін біріктіретін әмбебап қаржы құралына айналып келеді.
Соңғы жылдары Қазақстандағы несие карталары нарығында бірнеше маңызды өзгеріс байқалады:
Қазіргі таңда Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банктің бесеуі бөліп төлеу карталарын ұсынады.
Сарапшылардың айтуынша, бөліп төлеу карталары бүгінде тар ауқымды өнім болудан қалып, қазақстандықтардың күнделікті қаржылық өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Олардың мүмкіндіктері кеңейіп, сұранысы артып келеді.