homepage
fifa.com

Жергілікті жанкүйер алдында жер бола жаздады

13.06.2026, 11:42

Солтүстік Америка құрлығының үш елінде өтіп жатқан футбол мерекесі бүгін түнде және таңда Канада мен АҚШ та шымылдығын түрді. Сөйтіп, жаһан жұрты бір чемпионаттың үш бірдей ашылу салтанатын көрді. Расын айтайық, бүгін өткен ашылу рәсімі Мексика ұйымдастырған шараға жетпеді. Канадада да, АҚШ-та да сол баяғы ән, сол баяғы әуен, сол баяғы соқпақ пен ырғақ. Таңдай қағып, таңқалатындай дүние болмады. Қайта Канада ұлттық құрамасы жергілікті жанкүйердің алдында жер бола жаздады...

Әлем чемпионатының «Б» тобындағы Канада - Босния және Герцеговина кездесуі Торонтодағы «БМО Филд» стадионында өтті. Канада құрамасын америкалық маман Джесси Марш жаттықтырады. Олар өз алаңындағы матчта барын салып, жоғары нәтиже көрсетуге тырысуы керек еді... Ал Босния және Герцеговина құрамасын аңыз футболшы Сергей Барбарез баптайды. Канада сапында «Баварияда» ойнайтын, әлемдік деңгейдегі ең жылдам және әмбебап қорғаушылардың бірі Альфонсо Дэвис бар болса, босниялықтар қатарында жаһандық жұлдыз Эдин Джеко бар. Джеко алаңға негізі құрамда шыққан жоқ.

Сарапшылар бұл ойынның бәсін жергілкіті құрамаға тіккен. Канада қанша жерден өз алаңында ойынаса да көзтарып, көңіл сүйсінетін ойын көрсете алмады. Әрине, 90 минут бойы допты өз ырқында ұстағанымен комбинациялық әрі нәтижелі ойын болды дей алмаймыз. Сөйтіп, Канада құрамасы солқылдап жүргенде ойынның 21-минутында «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Иван Башичтің бұрыштан көтерген добын босниялық Йово Лукич қарсылас қақпасына солқ еткізді де, есеп ашып, алға шықты. Осыдан кейін Канада құрамасы етек-жеңін жинап, есті ойын көрсетуі тиіс еді. Олардың дегені болмады. Абырой болғанда Канаданы - қосалқы құрамнан алаңға шыққан Кайл Ларин құтқарды. Ол ойының 78-минутында қақпаға теріс қарап тұрып, өзіне келген допты жеке шеберлігінің арқасында ырқына көндіріп, ұршықша иіріліп барып, әдемі гол салды. Сөйтіп есеп теңескен.

Қосымша уақытта Кайл Лариннің жеңіс голын соғатын тағы бір мүмкіндігі болған. Бірақ босниялық қорғаушы Тарик Мухаремович соққыға дер кезінде блок қойды. Тең есеп кездесудің соңына дейін сақталды. Канада құрамасы ойын тізгінін толық өз қолында ұстап, статистика бойынша басым болғанымен, Боснияның қорғанысы өте жинақы ойнады. Ойын барасында қарсыластар қақпасына Канада 13, Босния және Герцеговина 8 соққы жасады.

Дәл пастар; Канада 310, Босния 170. Канада мен Босния және Герцеговина құрамаларының кездесуінде төреші Факундо Тельо жалпы 5 сары қағаз көрсетті, ал қызыл қағаз тіркелген жоқ. Ескертулер бойынша көрсеткіш 3:2, Босния құрамасының еншісінде.

АЛҒАШҚЫ АВТОГОЛ ҺӘМ ІРІ ЕСЕП

Астана уақытымен атңғы 06:00 де АҚШ өз алаңында Парагвай құрамасын қабылдады. Лос-Анджелестегі «Соу Фай» стадионында өткен ойында есептің ашылуына небары алты-ақ минут қажет болды. Алаң иелері ойын бастала сала қарсыластарға тап берді. Итальялық «Милананың» ойыншысы Кристиан Пулишич төрт бірдей қорғаушының ортасынан оңай сытылып, ойқастап келіп, әріптесі «Ювентуста» ойнайтын Уэстона Маккенниге пас берген. Маккенни допты қатты теппей түрте салды. Оның сол түрте салған добына парагвайлық Дамьян Бобадилья аяғын тоса қойғаны сол еді, доп барды да өз қақпасына кірді де кетті. Осылайша Дамьян Бобадилья  23-ші әлем чемпионатындағы алғашқы автоголдің авторы атанды.

Жалпы, АҚШ құрамасы өз алаңында еркін әрі жинақы ойынады. 28-минутта Пулишич-Маккенни-Балогун үштігі әдемі пастармен қарсылас қақпашысын тағы бір қапы қалдырған. Бірақ, Нидерланды рефери Данни Маккели бұл голды есепке алмады. Өйткені АҚШ ойыншысы  Фоларин Балогун ойыннан тыс қалған. Есесіне арада үш минут өткенде сол қапталдан Пулишич берген пасты дәл осы  Фоларин Балогун әдемі голға айналдырып, есепті еселеді.

Ал бірінші таймға қосылған минуттар түгесілер тұста тағы да  Фоларин Балогун ортадағы екі қорғаушыны оңай алдып, гол соғып, осы чемпионаттағы алғашқы дубльдің авторы атанды. Кездесудің екінші таймы алаөкпе, арыс-гүріс тарысты ойын болған жоқ. Екі тарапта шамалары келгенше шабуылдауға тырысты. Сондай сәттердің бірінде яғни, 73-минутта Павагвай қақпашысы ойынға қосқан доп Маурисиоға жетіп, ол өзіне жүктелген тапсырманы мінсіз орындап, есеп айырмасын қысқарты. Есеп 3:1.

Маурисио ойынға екінші таймда қосалқы құрамнан шыққан ойыншы. Осылайша алма-кезек доп теуіп, өгіз аяңмен өрілген ойынның 90-минутына қосылған 7 минут таусылар тұста Менхенгладбахтың «Боруссиясында» доп тебетін америкалық хавбек Джованни Рейна өзіне берілген әдемі пасты, әдемі пайдаланып, аяғының сыртымен әдемі гол салады.

Сөйтіп, биылғы әлем біріншілігіндегі алғашқы 4:1 деген ірі есепті АҚШ пен Парагавай құрамалары тіркеді.

Бекәлі Жәдік