homepage
instagram.com/serikbay_sultan

Нұрай Серікбайдың ісі: тергеу аяқталды

13.06.2026, 10:51

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері толық аяқталды. Бұл туралы марқұмның отбасының мүддесін қорғайтын адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Оның айтуынша, жәбірленуші тарап қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастап кеткен.

- Нұрай ісі бойынша тергеу әрекеттері аяқталды. Бүгінгі күні жәбірленуші тарап пен олардың адвокаты қылмыстық істің бірінші томынан жетінші томына дейінгі материалдармен танысып, олардың көшірмелерін алды. Қазіргі уақытта іс материалдарымен танысу жалғасып жатыр, – деп нақтылады Аянхан Омаров.

Барлық тарап іс материалдарымен толық танысып болғаннан кейін құжаттар айыптау актісін бекіту үшін прокуратураға жолданып, кейін сотқа жолданады.

Қылмыс қалай болған?

Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтарда Шымкентте болған. 21 жастағы студент Нұрай Серікбай көшеде пышақ жарақатынан көз жұмды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қыздың бұрынғы танысы оған бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Күдікті екі күннен кейін ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Тергеу нәтижесінде күдіктінің әрекеті бірден бірнеше бап бойынша сараланған. Атап айтқанда, оған:

  • 115-1-бап – қудалау (сталкинг);
  • 125-1-бап – некеге тұруға мәжбүрлеу;
  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бойынша айып тағылды.

Заң бойынша аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қоғамда резонанс тудырған іс

Нұрай Серікбайдың өлімі қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қыз алып қашу мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударып, құқық қорғау органдарының әрекетін тексеруді тапсырған болатын.

Кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ қыздың некеге мәжбүрлеу туралы арызына дер кезінде шара қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты бөлек қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында күдікті сот-психиатриялық сараптамадан өтіп, есі дұрыс деп танылды. Енді ол сот алдында жауап береді.