homepage
polisia.kz

Көлікпен әкетіп, ақша талап еткен: Павлодарда жасөспірімдер тобы ұсталды

13.06.2026, 10:17

Павлодар облысында құқық қорғау органдары оқушылар мен студенттерден ақша бопсалау фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан «Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері бірқатар заңсыз әрекетті анықтады.

Павлодар қаласында екі оқушы өз қатарластарынан ақша талап етті деген күдікке ілінді.

Тергеу мәліметінше, олар жәбірленушілерді бағалы заттарын ломбардқа өткізіп, түскен қаражатты өздеріне беруге мәжбүрлеген. Кей жағдайда қысым көрсету үшін әшкерелейтін бейнематериалдарды пайдаланған.

Ал Екібастұзда колледждің кәмелетке толмаған студенті танысымен бірге жергілікті тұрғыннан 50 мың теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Күдіктілер жәбірленушіні көлікке отырғызып алып кетіп, күш қолданған.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер ақша алу кезінде қолға түскен.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды анықтап, қосымша эпизодтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.

Полиция жастар арасында қылмыстық топ құру, қылмыстық ықпал жүргізу және ақша бопсалау әрекеттері заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.