homepage
Getty Images/RUNSTUDIO

Маңғыстауда жұмыссыздық деңгейі ең жоғары деңгейге жетті

12.06.2026, 15:51

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеп келе жатқанымен, кейбір өңірлерде еңбек нарығындағы жағдай әлі де күрделі. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы жұмыссыздық деңгейі ең жоғары өңір атанды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Еnergyprom жазуынша, ел бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құраса, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 5 пайызға жеткен.

Өңірде ресми түрде 20 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Әйелдер жұмыссыздығы алаңдатады

Маңғыстаудағы басты мәселенің бірі – әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың жоғары болуы.

Өңірде ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі небәрі 2 пайыз болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 8,4 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең жоғары деңгей.

Сарапшылар мәліметінше, өңірдегі жұмыссыздардың едәуір бөлігі жұмыссыздықтың себебі ретінде үй шаруасымен айналысуды және отбасылық жағдайларды көрсеткен. Мұндай себептерді атағандардың саны шамамен 10 мың адам, яғни барлық жұмыссыздың жартысына жуығы болған.

Сонымен қатар 2,7 мың адам өңірде жұмыс табу қиын екенін айтса, 3,6 мың тұрғын қысқарту, кәсіпорындардың жабылуы немесе еңбек келісімшарты мерзімінің аяқталуы салдарынан жұмыссыз қалған.

Бос жұмыс орны аз, мүмкіндік шектеулі

Enbek порталының мәліметіне сәйкес, маусым айында Маңғыстау облысында небәрі 658 бос жұмыс орны жарияланған. Бұл республикадағы барлық вакансияның 1,2 пайызы ғана.

Көрсеткіш бойынша өңір Қызылорда облысынан ғана алда тұр.

Салыстыру үшін айтсақ, Қарағанды облысында 2,8 мың, Шығыс Қазақстан облысында 2,6 мың, Қостанай облысында 2,2 мың бос жұмыс орны ұсынылған.

Маңғыстаудағы вакансиялардың басым бөлігі білім беру, медицина және біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарға тиесілі.

Ал өңір экономикасының негізгі тірегі саналатын мұнай-газ саласында бар болғаны 20 бос жұмыс орны тіркелген. Ақпараттық технологиялар саласында – 6, туризм мен заң саласында үш-үштен ғана вакансия болған.

Мамандардың пікірінше, табиғи ресурстарға бай әрі ірі мұнай-газ жобалары жүзеге асырылып жатқан Маңғыстау облысында жұмыссыздықтың жоғары деңгейде сақталуы еңбек нарығындағы жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетеді.

Әсіресе әйелдер мен жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру бағытындағы шаралар әзірге күткен нәтижесін бермей отыр.