homepage
фото: FIFA

Футбол тойы басталды...

12.06.2026, 13:07

...Сонымен, таяқ тасталды, төрткүл дүние төрт жыл күткен футбол тойы басталды. 2026 жылғы әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты Мехикодағы әйгілі Estadio Azteca стадионында өтті. Бұл стадион тарихта үш мәрте әлем біріншілігінің ашылу матчын қабылдаған алғашқы арена. Ал ашылу рәсіміне келер болсақ, салтанат Мексиканың ұлттық мәдениеті мен қазіргі заманауи әуендердің бір арнада тоғысқан үлкен шоумен басталды.

Алаңда алып сахна. Жарқ-жұрқ эффектілер. Би. Отшашулар. Және турнирдің басты символы. Қысқасы ашылу салтанаты Мексиканың тарихын, мәдениетін және футбол дәстүрін паш етуге негізделген. 87 мың жанкүйерді жинаған стадионда Шакира, Бурна Бой секілді әлемдік жұлдыздар Чемпионаттың ресми әнұраны «Dai Dai» композициясын орындады. Бұл кештің ең әсерлі әрі, тарихта ең көп талқыланған тұсы болып қалар... Ресми ашылу барысында мексикалық актриса әрі FIFA елшісі Сальма Хайек құттықтау сөз сөйлеп, жерлестері мен жаһан жұртың әлем чемпионатының басталуымен құттықтады. FIFA басшылығы мен ұйымдастырушылардың ресми құттықтаулары да алып экран арқылы көрсетілді. Одан кейін биылғы чемпионатқа қатысып жатқан 48 елдің тулары стадион төріне шығыралып, құрмет көрсетілген соң, аладоп аламанының алғашқы кездесуі де басталды... 

МЕКСИКА ҰТТЫ

Бірден айта кетейік, бірінші ойын футбол тарихыныда ең көп қызыл қағаз көрсетілген ойын ретінде ақтаңдақтар бетіне жазылмақ. Ал Мексика мен Оңтүсік Африка ұлттық құрамасы арасындағы ойын анау айтқандай тартысты болған жоқ. Бірінші ойын болғандықтан ба, алаң иелері де асығып, аптықпай, допты дегендеріне көндіріп, өз бақылауында ұстады. Ойынды от болды деуге келмейді. Алма-кезек, шылбыр тартқан сылбыр жүрісті ойын. Матчтың 9-минутында Хулиан Киньонес орталық қорғаушының алаңғасарлығын тиімді пайдаланып, аяғындағы допты тартып алып, оны торға топ еткізді. Сөйтіп ол 23-әлем чемпионатының алғашқы голының авторы атанды. Ал ОАР ойыншысы Тебохо Мокоэна 17-минут осы чемпионаттың алғашқы сары қағазын алды. 

Осы чемпионаттың тағы ерекше жаңалығы әр тайымның тура ортан беліне келгенде ойыншыларға 2-3 минут су ішіп, таңдай жібітуге мұрша беріледі. Міне, бірінші ойында екі ел футболшылар су ішіп, аяқ суытқан соң ойын тіптен сылбыр тартты. Әйтүп-бүйтіп біріші таймды аяқтап, екінші тайм басында асығыс аяқ басқан мексикалық ойыншыны Ситхоул ереже бұзып тоқтатқан. 50-минутта болған тәртіпсіздіктен кейін бразилиялық төреші оған бірден қызыл қағаз беріп ойыннан қуды. Осыдан кейін 10 ойыншымен қалған Оңтүстік Африка қақпасына алаң иелері екінші доптарын соқты. 67 минутта соғылған голдың авторы – Раул. Есеп 2:0. Мексика алда.

Ұпайы түгел алаң иелері аласұрып алға қатты ұмтылмады. Сылтып басып, сылбыр жүрді. Тек сәті келген кезде ұрымтал тұстан ұмтылуға тырысады. Оның өзінде ОАР ойыншылар олардың адымын аштырмайды. Сөйтіп жүргенде 74 минутта Нкосинати Сибиси 74-ші және 84-минутта екі сары қағаз алып, оның соңы «қызылға» боялып, алаңнан кетті. Тоғыз ойыншымен қалған қонақтарды тобықтан қағып аламыз деп жүріп, ойын соңында қосылған қосымша уақыт кезінде мексикалық Монтес Сесар қарсыласына қол жұмсағаны үшін алаңнан қуылды. Сөйтіп осы ойында бар жағы екі гол көрген жанкүйер есесіне 3 сары және 3 қызыл қағаз алғандарға куә болды. 

ЧЕХИЯ ҚҰРТТЫ

Биылғы әлем біріншілігіндегі алғашқы камбэк. Оңтүстік Корея мен Чехия арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионатының А тобындағы матч турнирдің ең қызықты алғашқы ойындарының бірі болды. Матч Сапопане қаласындағы «Эстадио Акрон» аренасында өтті. Бұл ойынды шамамен 45 мыңға жуық көрермен тамашалады. Олардың стадионға келген еңбегі де, үміті де ақталды деуге болады. Әсіресе екінші тайм өте қызықты әрі тартымды, тартысты өтті. Қос команда соңғы минуттарға дейін аянып қалмай, барын салды. Алғашқы 45 минут көбінесе бір-бірін аңдысумен, қарсыластың қарымын бағамдаумен өткендіктен аса қауіпті сәттер көп бола қойған жоқ. Оңтүстік Корея допты көбірек бақылап, қысқа пастар арқылы шабуыл құруға тырысты. Команданың көшбасшылары — Son Heung-min мен Lee Kang-in бірнеше қауіпті мүмкіндік ұйымдастырды. Бірақ Чехия қорғанысы тәртіпті ойнады. 

Чехтар негізінен ұзын пастар мен стандарттық жағдайларға сенім артты. Әсіресе капитан Ladislav Krejčí мен шабуылшы Patrik Schick қауіпті көрінді.  Дегенмен бірінші таймда есеп ашылмады: 0-0

Ал ойынның екінші бөлігі нағыз жанкешті ойынға ұласты. 59-минут — ГОЛ! Чехия 1:0. Чехтар ұзақ аут лақтыруынан кейін есеп ашты.

Айып алаңына бағытталған допқа капитан Ladislav Krejčí бәрінен бұрын жетіп, баспен дәл соққы жасады. Екінші гол да ұзақ күттірген жоқ. 67-минут — ГОЛ! Кореялықтардың қысымы нәтиже берді. Hwang In-beom екі қорғаушыны алдап өтіп, айып алаңы ішінде тамаша соққы жасады. Есеп: 1:1. Енді таразының басы қай жаққа ауатынын дөп басып айту мүлдем қиындады. 77-ші минутта Томаш Соучек баспен ұрып, допты кореялықтардың торында тоғытты. ГОЛ! Бірақ....чех жанкүйерлерінің қуанышы су сепкендей басылды. Қапталдағы төреші ойланбастан «офсайд» деді. Ал ойынның негізгі уақыты аяқталуға тура 10 минут қалғанда қосалқы құрамнан шыққан Oh Hyeon-gyu ерледі. Қарсыластың айып алаңында позицияны дұрыс таңдап, төмендеп келген допты қақпаға тура бағыттады. ГОЛ! Оңтүстік Корея 2:1. Голдық пасты тағы да Hwang In-beom берді.

Чехтар іле-шала есепті теңестіруге ұмтылды. Қауіпті шабуыл кезінде Корея қақпашысы Kim Seung-gyu маңызды сейв жасап, командасын құтқарды. Келесі бір сәтте доп кореялықтардың қақпа бағанасына тиіп, кері қайтты. Бұдан әріге еуропалықтардың шамасы келмеді. Қорытынды есеп: Оңтүстік Корея 2:1 Чехия. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, ойын соншама тартысты өткеніне қарамастан бір ғана «сары» қағаз көрсетілді, 9 бұрыштама берілді, 4 офсайд тіркелді, айып доптарының саны 25, қос команда 42 рет допты ауттан қосты. Допқа иелік ету көрсеткіші бойынша Корея әлдеқайда алда болды – 61 процент. Бұл да жеңіске жетелеген факторлардың бірі десек дұрыс болар.

Сөйтіп, Оңтүстік Корея 2010 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Бұл жеңістен кейін South Korea national football team А тобында Мексикадан кейінгі екінші орынға көтерілді, ал Czech Republic national football team келесі турда міндетті түрде ұпай алуға мәжбүр болып отыр. 

БЕКӘЛІ ЖӘДІК