homepage
Juzmedia.kz

Пәтер сатып алар алдында eGov-тан құрылыс компаниясын тексеріңіз

12.06.2026, 12:23

Қазақстандықтарға жаңа тұрғын үйден пәтер сатып алмас бұрын құрылыс компаниясын eGov жүйесі арқылы тексеру ұсынылады. Мамандардың айтуынша, бұл қарапайым қадам үлескерлердің алаяқтыққа тап болу қаупін азайтуға көмектеседі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finratings жазуынша, соңғы жылдары құрылыс компанияларының мәселесіне байланысты баспанасын жылдап күткен азаматтар аз болған жоқ. Сондықтан құрылыс салушыны алдын ала тексеру – жай ғана формалдылық емес, қаржыңыз бен құқығыңызды қорғаудың тиімді жолы.

eGov арқылы нені білуге болады?

Қазақстан құрылысшылар одағының мәліметінше, тұрғын үй порталы арқылы құрылыс нысаны мен компания туралы маңызды ақпаратты бірнеше минутта алуға болады.

Атап айтқанда, сатып алушылар:

  • құрылыс салушы компанияның кім екенін;
  • қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын;
  • үлескерлерден қаражат тартуға құқығы бар-жоғын;
  • нысанға қатысты шектеулер мен өзге де маңызды мәліметтерді тексере алады.

Жаңа тұрғын үйді қалай тексеруге болады?

Ол үшін eGov Mobile қосымшасын пайдалану қажет.

Тексеру тәртібі:

  1. eGov Mobile қосымшасын ашыңыз;
  2. «Басқа сервистер» бөліміне өтіңіз;
  3. «Тұрғын үй порталын» таңдаңыз;
  4. Құрылыс компаниясының БСН-ын, атауын немесе тұрғын үй кешенінің атауын енгізіңіз.

Осыдан кейін жүйе нысанға қатысты қолжетімді ақпаратты көрсетеді.

Тағы қандай жайттарға назар аудару керек?

Сарапшылар eGov-тегі мәліметтермен ғана шектелмей, құрылыс компаниясының қызмет тарихын да мұқият зерделеуге кеңес береді.

Олар:

  • компанияның бұрын тапсырған нысандарын қарауды;
  • келісімшарттың талаптарын мұқият оқуды;
  • үйді пайдалануға беру мерзімін нақтылауды;
  • жер телімі мен құрылысқа қатысты құжаттарды тексеруді ұсынады.

Мамандардың айтуынша, eGov арқылы жүргізілетін тексеру мәміленің толық заңдық сараптамасын алмастырмайды. Дегенмен ол келісімшартқа қол қойып, ақша аудармас бұрын ықтимал тәуекелдерді анықтап, құрылыс салушы туралы негізгі ақпаратты білуге мүмкіндік береді.