homepage
polisia.kz

Алматыда 12 жастағы бала қатарласының қолынан қаза тапты

12.06.2026, 11:31

Алматыда 12 жастағы оқушы қатарласының қолынан көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қайғылы оқиға 10 маусымда Түрксіб ауданында болған. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралып, кейін полиция ресми түсініктеме берді,

Желі бетінде тараған мәліметке сәйкес, оқушыға 13 жастағы екі жасөспірім тарапынан бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Кей деректерде 9 рет пышақ сұғылғаны айтылады.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде 13 жастағы қала тұрғыны ұсталған. Ол марқұммен бұрыннан таныс болған.

Алдын ала дерек бойынша, қайғылы жағдай жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде болған.

“Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде” – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Сонымен қатар тергеу қорытындысына сәйкес, ата-аналардың баланы тәрбиелеудегі міндетін дұрыс орындамауына байланысты жауапкершілік мәселесі де қаралады.

Әлеуметтік желілерде тараған кейбір жазбаларда оқиғаға екі жасөспірімнің қатысы бар екені айтылғанымен, полиция әзірге бір күдіктінің ұсталғанын ғана растады.

Отбасының сөзі

Қаза тапқан баланың туыстарының айтуынша, 12 жастағы Абылайхан Ержанұлы 6-сыныпты аяқтаған, мектепте және спортта белсенді болған. Жақындары оны кешкі уақытта екі сыныптасы шақырып алып кеткенін айтады.

«Оны үйіне алдап алып барған. Сол жерде пышақ жарақаттарын салған. Біз келгенде дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Бәрі өте тез болды», – дейді марқұмның әжесі.

Туыстарының айтуынша, қаза тапқан бала спортпен айналысып, каратеден қара белбеу иегері болған.

Отбасы күдіктінің ата-анасының кешірім сұрауға келгенін, алайда ауыр қайғыға байланысты оны қабылдай алмағанын жеткізді.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның себептері мен барлық қатысы бар тұлғаларды анықтап жатыр.