homepage
Instagram

Жанәбіловтер амнистияға іліге ме: ІІМ мәлімдеме жасады

11.06.2026, 17:43

ҚР Ішкі істер министрлігі блогерлер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға амнистия қолданылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов айтты,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, сотталған ерлі-зайыптылар қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды және жазаларын қысқарту мүмкіндігі де қарастырылмаған.

«Жанәбіловтерге қатысты нақты айтар болсам, олар амнистияға ілінбейді. Оларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату да, жаза мерзімін қысқарту да қолданылмайды», – деді Санжар Әділов.

Неге рақымшылық жасалмайды?

Вице-министрдің түсіндіруінше, блогерлер сотталған Қылмыстық кодекстің баптары амнистия туралы заңның аясындағы қылмыстар тізіміне кірмейді.

Осы себепті резонансты істер бойынша сотталған өзге азаматтар да амнистияға іліге алмайды. Олардың қатарында Қуандық Бишімбаев, Кәрім Мәсімов және Перизат Қайрат бар.

Жанәбіловтер қандай іс бойынша сотталды?

Еске салсақ, биыл сәуір айында сот Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы екі бап бойынша кінәлі деп таныды:

  • ҚК-нің 214-бабы – «Заңсыз кәсіпкерлік»;
  • ҚК-нің 218-бабы – «Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)».

Сот шешімімен Ерболат Жанәбілов екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробациялық бақылауға алынды және оның мүлкі тәркіленді.

Ал Эльмира Төлегенова екі жылға ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге сотталды. Сонымен қатар мүлкі тәркіленді. Алайда олардың үш кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жазаны орындау мерзімі екі жылға кейінге шегерілді.

Автокөлік ұтысына байланысты іс

Тергеу мәліметінше, Жанәбіловтер 2025 жылғы 18-21 тамыз аралығында автокөлік ұтысын ұйымдастырған. Алайда уәде етілген тікелей эфирдің орнына қатысушыларға құны 30 мың теңге болатын ақылы оқыту курсына сілтеме жолданған. Ұтысқа қатысу үшін алдымен осы курсты сатып алу қажет болған.

Осыдан кейін блогерлердің қызметіне Қаржылық мониторинг агенттігі қызығушылық танытып, іс бастапқыда әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралған. Кейін сот қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтап, материалдарды Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдаған.

Тергеу барысында Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова 2 ақпаннан бастап үйқамақта болған.