Таиланд соты 2015 жылы Бангкок қаласының орталығында болған жарылысқа қатысты іс бойынша екі ұйғыр азаматын өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сот оларды 20 адамның өмірін қиған терактіні ұйымдастырды деп таныған.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушыларға ауыр қылмыстар, соның ішінде қасақана кісі өлтіру бойынша айып тағылып, Таиланд заңнамасына сай ең қатаң жаза – өлім жазасы тағайындалды.
Қорғаушы тараптың өкілі сот шешімімен келіспейтінін және бір ай ішінде апелляция берілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, жарылыс Бангкоктағы әйгілі әрі туристер көп баратын Эраван храмында болған. Қайғылы оқиға салдарынан 20 адам қаза тауып, 120-дан астам адам жараланған. Құрбандардың арасында Қытайдың бес азаматы мен Гонконгтың екі тұрғыны болған.
Бұл іс Таиланд тарихындағы ең резонансты террорлық оқиғалардың бірі ретінде қарастырылады.
Сарапшылардың пікірінше, Эраван храмына жасалған шабуыл елдің туристік қауіпсіздігіне және халықаралық беделіне айтарлықтай соққы болған.