Италияда Қазақстан азаматы Нұрдәулет Машарипов қайтыс болды. Оның денесі елдің оңтүстігіндегі Бриатико қаласы маңында, жағалаудағы жартастар арасынан табылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жергілікті және әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, жас жігіт теңізде болған жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған. Ол Батыс Қазақстандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі болған және Италиядағы университеттердің бірінде білім алып жүрген.
Марқұм туралы хабарды әлеуметтік желіде Дінмұхамед Мұхтаров жариялады. Оның айтуынша, қазір студенттің денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жиналып жатыр. Тасымалдау шығындары шамамен 8000 еуроны құрайды.
Италиялық БАҚ мәліметінше, Вибо-Валентия провинциясына қарасты Бриатико аумағында теңізден жас жігіттің денесі шығарылған.
Алдын ала дерек бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Дегенмен, жағалаудағы жартастарға соғылу салдарынан алған жарақаттары тіркелген.
Мамандардың болжамынша, қайғылы оқиға суға бату салдарынан болуы мүмкін. Марқұмның жанынан ұялы телефоны табылған, ал жағалауда оның сөмкесі мен киімдері болған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты Италиядағы елшілік пен жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.