homepage
Фото: Juzmedia.kz коллажы

Атыраудағы асфальт дауы: 14,5 миллиардтың тендері тағы да экс-депутатқа бұйырды

12.06.2026, 13:29

Атырау облысында бір ғана автомобиль жолын жөндеуге 14,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Және бұл тендерді тағы да бұрынғы депутатқа тиесілі компания жеңіп алды. Тағы да дейтін себебіміз аталған компания бұдан бұрын да миллиардтаған теңгенің тендерлерін оңай жеңіп алып, өз жұмысын адал атқармаған. Қоғам белсенділері олар төсеген тас жолдың сапасына қанша сын айтса да, жергілікті билік мердігерден мін таппаған секілді. Juzmedia.kz Атыраудағы кезекті ірі тендердің қалай өткеніне, жеңімпаз компанияның бұрынғы жобаларына және оның артында тұрған тұлғаға қатысты деректерді саралап көрді.

Жолдың жыры

Құрманғазы ауданындағы «7-разъезд – Асан – Азғыр – Сүйіндік – Балқұдық» бағытындағы жолды күрделі жөндеу жұмыстарына Атырау облысының Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы конкурс жариялаған. Жобаның бастапқы құны 14,9 миллиард теңге. 

Тендер екі бөліктен тұрады. Оның бірінші 36-67 шақырым аралығындағы учаскесі 7 миллиард теңгеге, ал екінші 67-98 шақырым аралығы 7,8 миллиард теңге көлемінде бағаланған.

Конкурсқа төрт өтінім түскен. Нәтижесінде тендерді «Казкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алады. Компания жалпы сомасы 14 миллиард 584 миллион теңгеге келісімшарт жасаспақ. Техникалық талаптарға сәйкес мердігер жұмысты 12 ай ішінде аяқтауы тиіс. Сонымен қатар тартылатын жұмыс күшінің кемінде 20 пайызы Атырау облысында ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар қатарынан болуы шарт. 

1996 жылы құрылған «Казкомсервис» ЖШС Құлсары қаласында тіркелген. Ресми түрде негізгі қызметі инженерлік желілер салу болғанымен, соңғы жылдары компания Батыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың негізгі орындаушыларының біріне айналды.

pk.uchet.kz деректеріне сәйкес, кәсіпорын мемлекеттік органдармен жалпы құны қосылған құн салығын есептегенде 1,1 триллион теңгеден асатын 178 келісімшарт жасасқан. Соңғы жылдары жүзеге асырған ең ірі жобалардың қатарында Орал қаласындағы «Ақжайық» шағынауданына апаратын жол құрылысы, Құлсары қаласының көшелерін қайта жаңарту, «Ақ Мешіт» туристік нысанына апаратын жол және «Подстепное – Федоровка – Ресей шекарасы» автомобиль жолы бар.

Дәл осы соңғы жоба қоғам назарын ерекше аудартқан еді. Өткен жылдың желтоқсанында салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілген жолды қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Ахметжан тексергеннен кейін біраз шикілік шыққан. Оның айтуынша, ондаған шақырымға созылған жол бөліктерінде таңбалар өшіп кеткен, көпірлерде қорғаныс қоршаулары орнатылмаған, шамдары іске қосылмаған, ал жол жиегін бекіту жұмыстары толық аяқталмаған.

Бұдан бөлек, аталған жобаның бағасы да уақыт өте айтарлықтай қымбаттаған. 2022 жылы шамамен 21,9 миллиард теңгеге жасалған келісімшарт кейін 32 миллиард теңгеден асып түскен. Сонда жолдың әр шақырымының құны шамамен 890 миллион теңгеге шығады. Компания өкілдері болса сынға нысан толық аяқталмай тұрып пайдалануға берілгенін айтып жауап қайтарған.

Миллиардтар ағыны

Кәсіпорынның қаржылық ауқымы оның бюджетке төлеген салық көлемінен де байқалады. Ресми мәліметтерге қарағанда, соңғы бес жылда компанияның салық төлемдері тұрақты өсім көрсеткен.

2022 жылы серіктестік бюджетке 1,17 миллиард теңге аударса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,57 миллиард теңгеге жеткен. 2024 жылы 1,75 миллиард теңге төленсе, 2025 жылы салық көлемі бірден 2,99 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал 2026 жылдың өзінде компания қазынаға 2 миллиард теңгеден астам қаржы аударған.

Бұл сандар компанияның мемлекеттік тендерлерден қаншалықты көп табыс тауып отырғанын көрсетеді.

Компанияның жалғыз құрылтайшысы ретінде ашық дереккөздерде – Қайыржан Құлтекенов есімді азамат көрсетілген. Ол тек кәсіпкер ретінде ғана емес, қоғамдық-саяси ортада да белгілі тұлға көрінеді.

Құлтекенов әр жылдары Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының құрамында жұмыс істеген. Ол Атырау облысының үздік кәсіпкері атағын иеленіп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен және 2022 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Атырау облысындағы жаңа жол құрылысына қатысты конкурс мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі бұрыннан қалыптасқан үрдісті тағы бір мәрте көрсетті. Қоғам тарапынан сын айтылғанына қарамастан, өңірдегі ең ірі жобалар сол баяғы компаниялардың еншісінде қалып отыр.

Әрине, бұрынғы жобалардағы кемшіліктердің болуы мердігерді автоматты түрде сенімсіз компаниялар қатарына қоспайды. Бірақ дәл осындай көлемдегі қаражат жұмсалатын кезде тапсырыс берушінің, техникалық қадағалаушының және қоғамдық бақылаудың жауапкершілігі бірнеше есе артады.

Өйткені мәселе жай ғана асфальт төсеуде емес. Мұнда сөз ондаған миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік қаржы туралы болып отыр. Егер жаңа жол да бұрынғы жобалардың тағдырын қайталайтын болса, онда сұрақ тек мердігердің жұмысына ғана емес, оған қайта-қайта миллиардтаған теңгенің жобаларын сеніп тапсырып отырған мемлекеттік жүйенің өзіне қойылуы мүмкін.