Атырау облысында Жайық өзенінде балық аулау кезінде суға батып кеткен азаматты іздеу жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар екі күнге созылған іздеу нәтижесінде ер адамның мәйітін тауып, судан алып шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 8 маусымда кешкі уақытта Индер ауданына қарасты Бөдене ауылы маңында болған.
1993 жылы туған ер адам балық аулау кезінде суға кетіп, қайта шықпаған.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар іздестіру жұмыстарын бастаған. 10 маусым күні марқұмның денесі оқиға орнынан шамамен 100 метр қашықтықтан табылды.
Іздеу жұмыстарына ТЖД-ның 17 қызметкері, төрт техника мен үш жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар да көмек көрсетті.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік ережелерін елемеуден орын алады.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында мектеп бітіруші үш жасөспірімнің өзенге батып кеткені хабарланған болатын. Су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың жиілеуіне байланысты құзырлы органдар азаматтарды барынша сақ болуға үндеп отыр.