Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау 24 маусым мен 8 шілде аралығында жүргізіледі. Өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, грант мөлшері 400 АЕК немесе 1 млн 730 мың теңгені құрайды. Қайтарымсыз берілетін қаржы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған.
Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар және кәсіпкер ретінде тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Үміткерлер мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар және басқа да әлеуметтік санаттарға жатуы тиіс.
Міндетті талаптардың бірі – соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша сертификаттың болуы.
Биыл бірінші лек аясында Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа өңірлерде 3 764 грант беру жоспарланған.
Жалпы 2026 жылы әлеуметтік осал топтарға 9 мың грант бөлу көзделіп отыр.
Грант қаражатын құрал-жабдық, техника, мал мен құс, тұқым және көшет сатып алуға, сондай-ақ кәсіп жүргізуге қажетті ғимаратты жалға алуға жұмсауға болады.
Ал несиені өтеуге, тұрғын үй сатып алуға, жер телімін алуға немесе жеке тұтыну мақсаттарына пайдалануға рұқсат етілмейді.