Ішкі істер министрлігі заңсыз қару айналымына қарсы күрес жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, биылғы бес айда жүргізілген «Қару» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында қылмыстық айналымнан 1200-ден астам қару тәркіленген.
Тәркіленген қарулардың қатарында 18 автомат, екі гранатаатқыш, 320-дан астам тапанша, 100-ден астам ойық ұңғылы қару және 700 тегіс ұңғылы мылтық бар.
Сондай-ақ олардың арасында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 120 қару анықталған.
ІІМ мәліметінше, мамыр айында Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелмеген бірнеше қару тәркіленіп, олардың бір бөлігі қару-жарақ дүкендерінен ұрланғаны белгілі болған.
Бұдан бөлек, 20 сәуірден бастап заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыру акциясы жүргізілуде. Қазіргі уақытта азаматтар 750-ге жуық қару мен 4 мыңға жуық оқ-дәріні өз еркімен тапсырған.
Министрлік заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.