Қазақстанда мобильді аударымдар бойынша белгіленген шектен асқан 115 мың азаматқа салық органдарынан хабарлама жолданды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 10 банктің деректері талданып, үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым қабылдап, жалпы сомасы 1 млн теңгеден асқан азаматтар анықталған.
Тексеру нәтижесінде 115 мың адамның есепшотына жалпы көлемі 1 трлн теңге түскені белгілі болды. Оның ішінде шамамен 67 мың жеке тұлғаға 670 млрд теңге аударылған. Сондай-ақ 7,8 мың шетелдік азаматтың мобильді аударымдары бақылауға алынған.
«Біз бұл адамдарды жазалау үшін емес, түсініктеме алу үшін хабарлама жібердік. Олардың арасында такси қызметімен айналысатындар мен курьерлер өте көп. Көпшілігі жаңа талаптар мен бақылау тәртібі енгізілгенін білмегенін айтып отыр», – деді Мәди Такиев.
Министрдің айтуынша, жеке кәсіпкерлерге қатысты аударымдар көлемі шамамен 200 млрд теңгені құраған.
Еске салайық, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер мобильді аударымдар туралы мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Бұл шара тіркелмей кәсіп жүргізіп, төлемдерді жеке карталар арқылы қабылдайтын көлеңкелі бизнесті анықтауға бағытталған.
Қолданыстағы талапқа сәйкес, үш ай қатарынан әртүрлі адамдардан 100 және одан көп аударым алып, жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (1 млн 20 мың теңге) асқан азаматтар бақылауға алынады. Хабарлама алғандарға түсініктеме беру үшін 30 жұмыс күні беріледі.