Белгілі шахматшы Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдап, кәсіби спорттағы қаржыландыру мен қолдау тетіктеріне қатысты бірқатар мәселе көтерді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Шахматшы әлемдік рейтингте үздік бестікке кіріп, әйелдер шахматында жетекші спортшылардың бірі саналса да, халықаралық жарыстарға дайындық барысында қаржылық қиындықтарға тап болып жүргені туралы айтып берді.
«Дайындық өз қаражатымыз есебінен жүргізілді»
Асаубаеваның мәлімдеуінше, Norway Chess турниріне дайындық жеке қаражаты мен отбасының көмегі есебінен жүзеге асқан.
«Бұл маңызды турнирге дайындық менің жеке жүлде қаражатымның есебінен және ата-анамның қолдауымен жүргізілді. Секунданттар мен аналитиктердің еңбегіне әлі күнге дейін ақы төленген жоқ», – деді ол.
Спортшы мұндай жағдайдың халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарда тұрақты қиындыққа айналғанын да атап өтті.
Шахматшының айтуынша, ел ішінде шахмат спортына бөлінетін қаржы көлемі басқа олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Ол чемпионаттардағы жүлде мен олимпиадалық спорттағы сыйақылар арасындағы үлкен айырмашылықты мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар соңғы жылдары спорт саласындағы төлемдер мен ай сайынғы қаржылай қолдау көлемі қысқарғанын айтты.
Асаубаева бұған дейін министрлік тарапынан төленіп келген ай сайынғы қаржылай қолдаудың кейін азайтылғанын да жеткізді.
«Маңызды жарысқа қажетті қолдау болмады»
Шахматшының айтуынша, маңызды турнирлердің бірінде ол қажетті деңгейде қолдау ала алмаған.
Кейбір өтінім толық көлемде мақұлданбағандықтан, команда мүшелерімен толыққанды дайындық жүргізу мүмкін болмаған.
«Маңызды жарысқа қажетті деңгейде қолдау болмады. Соның салдарынан кейбір маманмен қашықтан жұмыс істеуге тура келді», – дейді ол.
Бибісара Асаубаева сондай-ақ мемлекет тарапынан берілген марапаттардың рәсімделуінде де кідірістер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік награда әлі толық табысталмаған.
Сонымен қатар ол бірнеше рет ресми жүйелер арқылы мемлекеттік органдарға өтініш жолдағанын, алайда жауап алмағанын жеткізді.
«Алда маңызды жарыстар күтіп тұр»
Үндеуінің соңында спортшы алдағы халықаралық турнирлерге дайындықты жалғастыратынын, бірақ қолдау тетіктерін жетілдіру қажет екенін айтты.
«Алда маңызды жарыстар күтіп тұр. Осындай жағдайда не істеуім керек?» – деген сауал тастады шахматшы.
Айта кетсек, аталмыш үндеуден кейін әлеуметтік желілерде пікірталас күшейіп, көпшілік спортшыны қолдайтынын білдірді.
Спорт министрлігі не деп жауап берді?
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев 2026 жылғы 10 маусымдағы брифингте шахматшы Бибісара Асаубаева жалақысының төмендеуіне қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, спортшыға төленетін еңбекақы 2024 жылға дейін шамамен 1 млн теңгені құраған. Ал 2025 жылдан бастап бұл сома азайған.
Вице-министрдің түсіндіруінше, мұның себебі шахматтың 46 басым спорт түрінің тізіміне енгізілмеуімен байланысты болып отыр. Жаңа заңнамаға сәйкес, мемлекет қаржыландыратын басым спорт түрлеріне Олимпиада, Паралимпиада және Азия ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлері ғана жатады. Ал шахмат Азия ойындарының бағдарламасына енбегендіктен, бұрынғы көлемде жалақы төлеу мүмкін болмаған.
Сондай-ақ шахматшыға бұрын тағайындалған мемлекеттік награда спортшы елге оралғаннан кейін табысталады.
Серік Жарасбаевтың.айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жетістіктерін жоғары бағалап, Бибісара Асаубаеваны «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған. Алайда марапатты осы уақытқа дейін табыстау мүмкін болмаған, себебі шахматшының жарыс кестесі тығыз болған.
«Біз оны ресми іс-шараларға шақырған болатынбыз, алайда ол сол кезде жарыстарға дайындалып жүргендіктен қатыса алмады. Бибісара Қазақстанға оралғаннан кейін және кестесі босаңсыған кезде марапат табысталады», – деді вице-министр.